Астанада ақыл-есінде ауытқуы бар адамдар көлік тізгіндеп жүр. Мұны қалалық прокуратура анықтаған. Психологиялық дерті барлар медициналық қағазды қалай алды? Жүргізуші куәлігіне жауапсыздық танытатындар кімдер? Тілшіміз Үсен Астананың бейнематериалы.
ҮСЕН АСТАН, ТІЛШІ:
Мен жүргізуші куәлігін 18 жасымда, 1-жыл автомектепке барып дайындалып алдым. Дегенмен бүгін де көлікті басқару құқығын беретін құжатты сатып алатындар мен сататындар көп. Ол туралы жарнаманы әлеуметтік желіден -ақ табуға болады.
Әлеуметтік желідегі нөмірдің біріне хабарластық, жауап алдық. Қызмет құнын жасырмады.
Сатылатын құжаттың қасында медициналық анықтама бірге жүреді, ақшасын берсең өзіміз бәрін қатырамыз дейтіндер, адам денсаулығына бейғам қарайды. Ол психологиялық тұрғыдан сау ма, жоқ па деген сұраққа бас қатырмайды. Керек құжатты сатып алғандар да теңгесін беріп тірлігін тындырғандарын жасырмайды.
БЛИЦ:
- Шынымды айтсам сатып алдым иә
- Өтіп алдым, өтіп алған дұрыс қой, бір жола тексеріліп аласың
- Тексеріліп өттім, өзім оқыдым ғой
Бұл жәйт құзырлы орган өкілдерін де алаңдатып отыр. Елорда прокуратурасы ақыл-есі кем алты адам емін-еркін көлік тізгіндеп жүргенін анықтаған.
ЕЛЬДАР РАКИШЕВ, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:
Медициналық тұрғыдан көлік жүргізуге тыйым салынған 76 адамның ішінен 6 азаматта қолданыстағы жүргізуші куәлігі бар екенін анықтады. Прокуратура бұл дерек бойынша дереу әрекет етіп, сотқа талап-арыз беріп, сол алты азаматтың жүргізуші құқығын тоқтатты. Аудандық прокуратуралар да осы бағытта жұмыс істеп, тағы 4 талап-арызды сотта жеңіп шықты.
Жол мұраты жету дейді көпшілік. Алайда жолда жалған құжатпен жүргендерге қарап жаныңды қоярға жер таппайсың. Өзгенің өміріне қауіп төндіретіндер, заң алдында жазасын алуы керек.