Блогерлер жаназа өткізу тәртібіне қатысты дау көтерді. Әлеуметтік желі жұлдыздары қайғыдан қара жамылған отбасыға қолдау білдірудің орнына, сынап-мінеп кететіндерді қалай жөнге салуға болады деген сауал жолдаған. Расымен, соңғы уақытта марқұмды о дүниеге аттандыру тойдан кем түспейтін жарысқа айналды. «Ел күліп кетеді» деп, жұрттың өсегіне қалудан қашатындар ақырында қарызға кіреді. Тақырыпты әрі қарай әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында жалғастырады.
Қайырлы кеш, көрермен. Өзекті тақырыптар бізден, тақылау сізден.
Қазір адамдар бақилық болған туысының жаназасына шашылып дастархан жаймаса марқұмды жер қабылдамайтындай қорқады. Сол үшін шаш етектен шығынға батып, тіпті несие алып жақынын жерлейтіндер көбейген. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дейді қазақ. Ас та төк дастархан жайып, шашылатын халық оның дұрыс емес екенін мойындайды. Сонда да даңғазалық пен дарақылықты доғара алмай келеді.
БЛИЦ:
- Өте өкінішті. Сынап кететіндер де қанша ма? Алла сана берсін!
- Күліп, әңгіме айтып отырады да адам келе жатыр деп жылап отыра қала ма? Жалған өмір ғой.
- Негізі қою керек қой тамақ істеп, палау басуды. Көңіл айтып кету керек қой. Жылап жүріп, тамақ істеп жүреді ғой.
Жақынынан айырылып, қара жамылған жанұя жақынын жоқтап та үлгермейді. Бір жағынан көңіл айтқан қонаққа дастархан жайса, енді бір жағынан мемлекет келіп мазаны алады. Өтелмеген несиесі болса өкіріп жылауға уақыт жоқ. Өксігін тия сала, банктерді жағалайды. Көз жасын сығып алып құжаттарын дайындауға көшеді. Өйткені Үкімет өлгені туралы анықтаманы қолына алмайынша кредит үстемақысын өсіруін тоқтатпайды.
БЛИЦ:
- Төлейсің. Қандай болған жағдайда да, тыры болса өзі төлейді. Кетіп қалса әйел, бала-шағасы төлейді.
- Төлемейді деген жоқ. Төледім жолдасымның кредитін.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Сау болыңыздар!