Атырауда учаскелік полиция инспекторы 4 жастағы қыз баланы биіктен құлап кетуден құтқарып қалды. Оқиға Нұрсая шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Үйде жалғыз қалған кішкентай қыз терезені ашып, москит торына сүйеніп, терезе алдына отырған. Қауіпті жағдайды көшеде өтіп бара жатқан әйел байқап, баламен сөйлесіп, дереу полицияға хабарласқан.
№14 полиция бекетінің учаскелік инспекторы Рүстем Жұмабаев жедел жетіп, жабық есік арқылы бүлдіршінмен сөйлесіп, қауіптің алдын алған. Ал бүлдіршіннің анасы үлкен қызын мектепке апару үшін үйден аз уақытқа шығып кеткені белгілі болды.
Полиция қызметкерінің кәсіби әрекет етуінің, сондай-ақ бейжай қарамаған әйелдің қырағылығының арқасында оқыс жағдайдың алдын алу мүмкін болды.