$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Енді қызды алып қашқандар ғана емес, «алып қашамын» деп әндеткендер де сотталады

15.10.2025ж. 19:00
Енді қызды алып қашқандар ғана емес, «алып қашамын» деп әндеткендер де сотталады

Енді қызды алып қашқандар ғана емес, «алып қашамын» деп әндеткендер де сотталады. Депутаттар зорлық-зомбылыққа итермелейтін кино мен музыкаға толық тыйым салуды талап етіп отыр. Полицейлер басқаны қойып,  ақындардың ізіне түспек. Бірақ осымен мәселе шешіле ме? Осылай жалғаса берсе қара өлең шеберлері шабыттан таусылып, қазақ фольклоры құрдымға кетпей ме? Аружан Задабек тақырыпты түйіндейді. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Үй ішім біздер үшін дайындалуда

Дайынмын менде жаным сені алуға.

Кешеге дейін ел аузынан түспей, әр із сайын ыңылдатып жүрген осы ән тұнып тұрған қылмыс екен. Полицейлер  енді  қара сөз шеберлерінің әр тіркесіне үңілетін  болыпты. Мұны депутаттар да талап етіп отыр. "Сөз сүйектен өтеді" дейтін едік. Ол сүйектен өтіп, сот залына дейін жетуі мүмкін.  

ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Сюжетте «мен сені алып қашып кетемін» десе, қыз бала келіссе өзінің сюжеті бар ғой. Өзінің хикаясы ретінде. Сондықтан, әлбетте, оны қараймыз, ешқандай оны жазалау деген жоқ.

Хош, бірақ мәселе неге бұған дейін қозғалмады? «Мен жасымда жігіттер топтан астым, бір түнде сегіз қызды алып қаштым» деген Иманжүсіптің өлеңі неге назар аудартпады? Бұл жалғыз мысал емес. Халық әндерінде мұндай тіркесті аз кездестірмейсіз. Ринат Зайыт осылай деді.  Не дегенмен өзі ақын, біраз әнге сөз жазған маман ретінде авторларды жақсы түсінсе керек. 

РИНАТ ЗАЙЫТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Егер мені шын сүйсең асыл еркем, ертең кешке дайын тұр қашу оңай» деген халық әні бар. Бұл қалай болады?!

Депутаттардың мазасын алып, түн ұйқысын төрт бөлген ән ғана емес. Телеарнадағы түрлі телехикаяларға да назар аударуды сұрады. Онда да қыз алып қашуды насихаттайтын кадрлар бар дейді. Халық қалаулылары бұған дейін басына қапшық кигізіп, ақ орамал таққызатындарға қатысты заң қабылдаған. Ал телеарналарда көрсетілетін осы фильмдер біздің нормамызды пысқырмай, немқұрайлы қарап, менсінбей, күлкі қылды дейді.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сонда кейіпкер «Қызды алып қаштым» дейді, екіншісі «Ештеңе қылмайды, мені де алып қашқан аман-есен жүрміз» дейді. Бұл не сонда?!

Ақыры кино тақырыбына тоталған екенбіз. Қазір жас буын қандай фильмдер көріп жүр? Бұрын Қожаның тентектігін көрсек те, боқауызын естімедік. Фильмнен тектілік сіңетін. Ал қазіргі кинодан қорлық үйреніп отырмыз дейді депутаттар. Жақында кинотеатрларда бір кино көрерменге ұсынылды. Қызығы, жамандыққа қарсы осы заңды әзірлеген Ішкі істер министрлігі дәл осы туындыға демеуші болып, қолдау көрсеткен. Мұндайда құзырлы орган қасқырмен күресіп, терісін өзі сатып жүр ме деген ой туады.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Жұмыс істеу керек. Тәрбие жұмыстарын жүргізуіміз керек.

Қысқасы, Мәжіліске келген министрдің бүгін терең дем алуға мұршасы болмады. Жан-жақтан сауал жолдаған депутаттар құзырлы органда профилактика жоқ деп күйініп отыр. Қанша рет нормаға қатысты ескерту айылса да, пысқырар емес. Сөзі төрт қабырғаға айтылғандай күй кешкен Базарбек «Айта айта Алтайды, Базарбек те қартайды» деп түйіндеді сөзін.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Түріңіздің бет әлпетінен байқалып отыр, менің сөзім ыңғайсыз екені. Бірақ та ренжімеңіз, министр мырза!

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Министр мырза ренжімейді деп үміттенеміз. Не болса да Ішкі істер басшысы үшін бұл апта қарбаласқа толы. Екі күн бұрын депутаттарды қонаққа шақырып, сол кезде бір есеп беріп еді. Бүгін тағы сынның астында қалды. Құқық бұзушылық көп деген сөзден әбден шаршаған-ау, енді тәртіпсіздік үшін әкімдер жауап береді деп өзгеріс енгізіпті.