Қаржысын қолма-қол жинайтындар азайды. Ал депозитке сенім артқандар саны артып жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда 10 пайыз көбейген. Жиған-тергеніне жылжымайтын мүлік сатып алып, баспананы инвестиция ретінде қолданатындар қатары ұлғаймады. Бұдан кейін де артуы екі талай. Себебі, қаржы ұйымдары ипотекаға өтінім қабылдауды тоқтатты. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.
Қайырлы кеш! Эфирде "Экономика". Студияда мен Сүндет Оралбек.
Депозитке сенім нығайды. Отандастарымыздың 67,7 проценті қаржысын банктік салымда сақтайды. Бұл- Ұлттық банктің статистикасы. Сарапшылар сұраныс 10 пайызға ұлғайғанын айтады. Бұған жоғары пайыздық мөлшерлеме себеп. Сонымен қатар бағалы қағаз сатып алатындар үлесі 7-ден 11 пайызға өскен. Ал қаражатын жастықтың астында сақтайтындар саны азайған. 43-тен 33,7 процентке дейін төмендеді.
Қаржы ұйымдары тұрғын үй несиесін уақытша тоқтатты. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеруі себеп. Бұл өзгеріс несие үстемеақысын бірден өсіріп, кредит алушылар үшін ай сайынғы төлемді ауырлата түседі. Қаржы ұйымдары халықтың қарызын қайтару мүмкіндігі төмендеп кете ме деп алаңдайды. 1 қарашадан бастап күшіне енетін жаңа талаптар да өз әсерін тигізуде. Ереже бойынша, банктер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 20 пайыздан асыра алмайды. Яғни, олар бұрынғыдай мол пайда көрмейді. Несиенің үстінен түсетін табыс шектелмек.
Еліміздің тұмса табиғатын тамашалап, көрікті жерлерде тынығу үшін елге келетін турист көп. Әсіресе Қытайдан... Жыл басынан бері 675 мыңнан астам адам ат басын бұрған. Салыстырып қарасақ, көрсеткіш былтырғыдан 20 мыңға көп. Бұл -елді туристік бағыт ретінде ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету мен тікелей әуе қатынастарын кеңейту жұмыстарының нәтижесі. Қыркүйекте қытайлық сайттардан Қазақстан туралы тәулігіне 420-430 мыңға жуық ақпарат ізделген.
Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар 539 теңгеден саудалануда. Еуро 626, Ресей рублі 6,73 теңгеден саудалануда.
Мендегі ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!