$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Жауаптылар үнсіз отыр": баласынан айырылған ана әділдік іздеп жүр

"Жауаптылар үнсіз отыр": баласынан айырылған ана әділдік іздеп жүр

Астанада 17-дегі бозбала құрылыс алаңында көз жұмды. Үстіне бетон плита құлаған.  Ал құрылысқа жауапты компания неше күннен бері үнсіз. Қайғыдан қан жұтқан ата- ана шырылдап әділдік іздеп жүр.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

24 қыркүйек сағат 4-5-тің кезінде жер қазып жатқан балаларды, камаз автокөлігі мен кран автокөлігінің жүргізушілері бетон түсіруге көмеккке шақырған.  Алайда қызметкерлердің салғырттығының салдарынан, бала сол жерде тіл тартпай кетті. Бұл Ерсұлтанның 2-жұмыс күні еді. Қайғылы хабар ата-анасына 1-2 сағаттан соң жеткен.

АЙГҮЛ ЖҰБАНОВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

6-дан 11 кеткен кезде маған участковый звондайды. Сөйтсем, балаңыз қайтыс болды дейді ғой. Содан мен жүгірем, мына үйімнен мына жақка қарай.  Адам жолатпады, мигалкалар. Ерсұлтан десем, ешкім жауап бермейді. Жақындап қарасам, бетонмен көтеріп алып кетіп бара жатты. Сонда да ойладым, мүмкін реанимация ма деп, жоқ. Сөйтіп баламнан аяқ астынан айырылып қалыппын.

Ерсұлтанның нағашы ағасы -мәйітті алғаш көргендердің бірі. Бұл  кездейсоқ жағдай емес, қызметтік қателік дейді ол.

ШОҚАН ЖҰБАНОВ, НАҒАШЫ АҒАСЫ:

Сонымен бұл жанағы плиталарды машинаның үстіне мініп түсіріп тұрған, яғни кранға іліп тұрған. Баланың машинадан түскенін крановщик күтпей, көтеріп қалған. Сосын бауырымның басын қысып қалған. Моргтан өзім алып шықтым, басы қысылып қалған. Көрініп тұр.

Туыстарының сөзінше, құрылыс компаниясының өкілдері оқиға болған күні  келген. Ал кейін байланысқа шықпай, ізім-ғайым жоғалды дейді.  

БЕРІК СӘРСЕНОВ, ЗАҢГЕР:

Кран жүргізушісінің, камаз жүргізушісінің есірткі қолданғаны рас және 277 бапты қосу керек. Ол бойынша 6 жыл көзделген.  Бас бостандығынан айыру, біз соны талап етеміз.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Біз бірнеше рет компания өкілдерімен байланыс орнатуға тырыстық . Бірақ, белгіленген нөмірлерден жауап болмаған соң, офистың алдына келдік. Бізді мұнда кіргізген жоқ және жауап бере алмаймыз деп қайтарды.

Бұл оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы, оқиға орнына келіп, заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Куәгерлер мен оқиғаны көргендерден жауап алынып, құжаттар тәркіленуде.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Туыстары бала қаза тапқаннан кейін де құрылыс жұмыстарының жалғаса бергенін айтады. Тек әлеуметтік желіде дау тудырғаннан кейін ғана жұмыс тоқтап, компания өкілдері әз-түссіз жоғалған көрінеді. Қазір жәбірленуші тарап тек әділдік пен ашық тергеуді талап етіп отыр.