Биыл «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының нарықтағы капитализациясы ең жоғары тарихи межеге жеткен. Бұл туралы компания төрағасы Мейіржан Юсупов Президент қабылдауында айтты. Мейіржан Юсуповтың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының қарқынды дамуына және дата-орталықтардың энергия тұтыну көлемі артуына байланысты уранға сұраныс тұрақты түрде өсуі мүмкін. Бұған қоса, жаңа атом реакторларын жеделдетіп салу әсерінен әлемдік нарықта 2030 жылдан кейін уран тапшылығы сезілуі ықтимал. Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» геологиялық барлау және еліміздің минералдық-шикізат базасын ұлғайту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатқаны баяндалды. Бұл Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылуда. Атап айтқанда, биыл екі жаңа учаскеде жұмыс басталған. Жалпы ауданы мың шаршы шақырымнан асатын алты учаскеде геологиялық барлау жүргізілуде. Компания сирек кездесетін металдарды өндіру, ғылыми-зерттеу қызметін жандандыру, жасанды интеллект технологиясын енгізу бағыттарын дамытуды жоспарлап отыр.
МЕЙІРЖАН ЮСУПОВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Іске асып жатқан инвестициялық жобалар, сирек және сирек жер металдары бағытымен ғылыми зерттеу бағытын дамыту. Өндіріске жасанды интелект енгізу барысы туралы баяндадым. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді.