АҚШ Жоғарғы Соты қайтадан Трампты қапы қалдырды. Енді АҚШ Президенті бірде-бір мемлекеттік қызметкерді жұмыстан шығара алмайды. Бірақ, Трамптың онымен шаруасы жоқ. Бар назары – сыртқы саясатта. ХАМАС-пен қақтығыс қайта басталуы мүмкін. Себебі, ұйым өлі израильдіктердің мәйіттерін әлі қайтармай жатыр. Одан қалды, Венесуэлаға қарсы барлау операциясын бастауды жоспарлап отыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп қайтадан соттан жапа шекті. АҚШ Жоғарғы Соты Президент әкімшілігіне қарсы тағы бір шешім шығарды. Енді бірде-бір мемлекеттік қызметкерді жұмыстан шығаруға болмайды. Қазіргі билік шатдаунға қатысты қысқарту жүргізбек болған. Оның өзінде демократтарға қатысы бар жұмысшыларды орнынан айыруды жоспарлады. Себебі, бюджет жобасының әлі қабылданбай, мемлекеттік органдардың қаржыланбай отырғанына демократтар кінәлі деп санайды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Жоғарғы Соттағы жорығымызды тоқтатпаймыз. Себебі, ел тарихындағы ең маңызды сот процессі болып тұр. Жеңілсек, Америка қаржылық дағдарыстан көз аша алмай қалады. Ал жеңген жағдайда, экономикамызға ешкім тең келмейді.
Бейбіт келісімге қол қойылса да, ХАМАС-қа қарсы әрекет жалғасуы мүмкін. Себебі, 28 мәйіттің тек 4-ін қайтарған. Трамп енді ұйымды толық қарусыздандыру қажеттілігін айтуда.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Айта-айта ауыз шаршайды екен. Әйтпеске амалым жоқ. Тірі тұтқындарды әрең қайтардық. Ал, өлілердің денесі әлі жетпеді. ХАМАС біз қойған шарттарға келсті. Қол қойды. Енді оны орындау керек қой. Қайтадан Израиль қару қолдануы мүмкін. Ондай жағдайда қолдау көрсетеміз.
Трамп бір сәт те тыныш отырмайды. Венесуэлаға қарсы ірі әскери және барлау операциясын жасауы мүмкін. Кемелерге қарсы флотын осымен екінші рет жіберіп жатыр. Олар есірткі тасымалдайды деген сылтаумен түгелдей қырып тастаған.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен Орталық Барлау Басқармасына арнайы тапсырма бердім. Осы маған біртүрлі сұрақ қоя береді екенсіздер. Мен нақты не істеу керектігін жіптеп айтып береді деп ойлайсыздар-ау. Бірқ, олай болмайды. Бір нәрсе ғана мәлім. Құрлықта, яғни, Венесуэла аумағында жасырын және ашық операциялар жүргізіледі.
Перу халқы уақытша Президентті де сыйғызбайтын түрі бар. Дина Болуартеге импичмент жарияланғанына қарамастан, Хосе Хери де қызметінен кетсін деген талап қойып жатыр. Себебі, ол даулы заңдарды алып тастауға саусағының ұшын да қимылдатпады-мыс.