Бала құқықтарын қорғау комитеті жүргізген зерттеу нәтижесіне сай, елдегі әр жетінші отбасында балаларға жеткілікті көңіл бөлінбейді, деп хабарлайды Astana TV.
Сауалнамаға қатысқан 50 мыңнан астам ата-ананың 14%-ы «жұмыстан қол тимейді» деп жауап берген.
Ең жоғары көрсеткіш — Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Қостанай облыстарында. Ал Шығыс, Батыс Қазақстан және Атырау өңірлеріндегі ата-аналардың шамамен 10%-ы соңғы уақытта балаларына уақыт бөле алмай жүргенін айтқан.
«ЮНИСЕФ» дерегінше, қазақстандық балалар әлеуметтік желіні төрт жасынан бастап қолданады. Ал 5 пен 12 жас аралығындағы балалардың 55%-ының Instagram мен TikTok-та жеке парақшасы бар. Алайда ата-аналардың тек 17%-ы ғана баласының қандай контент қарайтынын бақылайды.
Психологтардың айтуынша, баланың ұзақ уақыт экран алдында отыруы оның эмоциялық дамуына кері әсер етеді. Ата-анасының мейірімін сезінбеген бала ортасындағы қатарластарына әлімжеттік көрсетуі немесе керісінше тұйықталып, ешкіммен араласпай, өзін оқшау ұстауы мүмкін.