Алматыда футбол ойыны кезінде 19 жастағы футболшы көз жұмды. «Хан-Тәңірі» клубының шабуылшысы Диас Төлеу матч барысында есінен танып, көп ұзамай көз жұмды. Жас спортшы өзін ойын кезінде бір сәтте жайсыз сезініп, алаңда құлаған. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Оқиға Алматының Хан Тәңірі спорт кешенінде өткен лига ойыны кезінде болған. Клуб өкілдерінің айтуынша, Диас ойын алдындағы тексерулерден өткен. Алайда екінші таймның 62-ші минутында шабуылшы кенет өзін жайсыз сезініп, жерге құлайды. Медициналық қызметкерлер бірнеше минутта алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізгенімен, спортшының өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
Қабылдау кезінде пациенттің тамыр соғысы мен артериялық қысымы болмаған, қарашықтары кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, барлық қолданылған шараға қарамастан, өмірлік белгілерді қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді.
Диас Төлеу - Отандық футболдың болашағынан үлкен үміт күттірген жас ойыншылардың бірі еді. Қазақстан футбол федерациясы тиісті сараптамалардың барлығын жасаймыз деп отыр.
ТИМУР МОЛДАҒАЛИЕВ, «ХАН ТӘҢІРІ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Бұл – біздің клуб үшін де, жалпы қазақстандық футбол үшін де үлкен қайғы. Клуб атынан Диастың отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Бұл қайғылы жағдайды ешкім болжаған жоқ. Диас барлық көрсеткіш бойынша толық сау, дені сау спортшы болатын. Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау үшін барлық қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік желілерде Диастың суреттері мен оның соңғы ойынының видеолары тарады. Мыңдаған адам көңіл айтып, қайғыға ортақтасып жатыр.