Қазақстанда алкоголь өнімдеріне шектеу қойылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі ішімдіктерді тек арнайы дүкендерде сатуды, лицензиялау талаптарын күшейтуді және онлайн жеткізуге тыйым салуды ұсынды. Мақсат -мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу. Себебі, жыл сайын шамамен 10 мың қылмыс мас күйде жасалады. Алкогольді шектеу ұсынысына мамандар мен тұрғындардың пікірі қандай, тілшіміз білді.
Қылмыстың 1400-ден астамы көңіл көтеру орындарында болған. Биылдың өзінде үш адам өлімі тіркелді. Сондықтан министрлік ішімдік өнімдерін кафе мен мейрамханаларда тұтыну уақытын шектеуді және үйге жеткізу қызметін толықтай тоқтатуды ұсынып отыр. Ал бұл бастамаға қоғамның көзқарасы әртүрлі.
БЛИЦ:
- Керек жоқ, алкогольдің керегі жоқ! Арақтың кесірінен авария болып жатыр. Ішіп шығады.
- Ешкім олай запрет ете алмайды. Именно арақты.
- Ішімдіктің не керегі бар? Жастар бұзылып жатыр. Болмағаны дұрыс.
- Адамдар тығылып болсын ішеді. Полюбому ішеді.
- Бұл мағынасыз ғой. Қалай сатылып келсе, солай сатыла береді. Бұдан ештеңе өзгермейді. Тек алкомаркеттер ғана жақсы табыс табады.
Ал сарапшылардың айтуынша, шектеу шаралары алкоголь өндірушілерге соққы болып тиюі мүмкін. Сауда нүктелері азайса, ішімдік бағасы өсіп, қара нарықтың күшею қаупі бар.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Экономикаға үлкен кері әсерін тигізеді. Себебі біздің басымыздан осы бір ғасырдың ішінде екі рет үлкен тәжірибе өткен. Тек қана арнаулы дүкен деу меніңше дұрыс емес. Себебі, өте көп дүкендер шағын орта бизнес. Олардың табысы алкогольдік ішімдіктен. Кейін бюджетке ақша осыдан көп түседі.
Жаңалық кәсіпкерлер арасында да наразылық туғызды. «Табысымыз азайып қалатын болды» деп шағымданғандар аз емес.
ҚАЙРАТ ЖОЛДАСБАЙ, ДҮКЕН ИЕСІ:
Мен сияқты кәсіпкерлерге үлкен зиянын тигізеді. Мойындау керек қой, 20-25% дейін табысымызды құрап отыр ғой осы өнімдерді саудалау.
«Атамекен» ұлттық палатасы да бұл бастаманы негізсіз деп санайды. Палата өкілдерінің айтуынша, мұндай шектеулер шағын және орта бизнеске үлкен соққы болуы мүмкін.
ҚУАНЫШ УРАЗБАЕВ, "АТАМЕКЕН" ҰП АСТАНАЛЫҚ ӨКП БӨЛІМІНІҢ САРАПШЫСЫ:
Бүгінде алкоголь өнімдері арнайы дүкендерде, лицензиясы бар дүкендерде және кафе, мейрамханаларда сатылады. Бұл олардың қомақты табысы болып табылады. Себебі ол жақта маржа жоғары. Сондықтан ол табысының орташа айтқанда 50-60% құрайды. Егер ондай шектеулер қазір орын алса, дүкендердің табысына үлкен зиян келтіреді.
Ал Сенатор Марат Қожаев Қазақстанда ішімдік сатуға толық тыйым салу қажет деп санайды.Кәсіпкерлер лицензия алып, сауданы белгіленген талаптарға сай ұйымдастыруы тиіс екенін айтады. Оның пікірінше, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін мұндай шаралар айтарлықтай қиындық тудырмайды.
МАРАТ ҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Жыл сайын мас күйінде көлік жүргізгендердің қатысуымен болған жол апаттарында жүздеген адам қаза табады. Олардың отбасыларына кім көмек береді? Жұмыс берушілер білікті қызметкерлерінен айырылады, жол инфрақұрылымы мен көліктер зақымдалады. Алкогольді шамадан тыс тұтынудың барлық экономикалық және әлеуметтік салдарын сараптасақ, нәтижесінде алкоголь сатылымына толық тыйым салу қажет деген қорытындыға келеміз.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Бүгінде ішімдік тұтыну бойынша Қазақстан ТМД елдерінің арасында үшінші орында. Үкімет ішкі істер министрлігінің ішімдікті шектеу ұсынысын қазір қарап жатыр. Қолдау тапса, еліміз алкоголь саудасын қатаң реттейтін мемлекеттер қатарына қосылмақ. Ал әзірге 500 елдімекен алкогольсіз өмір сүріп жатыр.