$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қоғамда дүрбелең туғызуға бағытталған жалған жазба көбейіп барады

Қоғамда дүрбелең туғызуға бағытталған жалған жазба көбейіп барады

Интернеттегі ақпараттың барлығы бірдей шынайы емес. Кейде жұртты адастыруға, қоғамда дүрбелең туғызуға бағытталған жалған жазбалар көбейіп барады. Осындай жағдайда халықтың ақпаратты қалай қабылдайтыны – өте маңызды.  Эфирде- фейк-фильтр.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қайырлы кеш, көрермен. Сіздер мен, Ақбота Базарбай.

Қазіргі таңда көп адам жаңалықты теледидардан емес, әлеуметтік желіден, әсіресе Instagram-дағы қалалық пабликтерден оқиды. Бұл парақшалар өздерін «жергілікті ақпараттың шынайы әрі жедел көзі» ретінде көрсетеді. Бірақ, оның бәрі рас деуге келмейді.

Мақсат – шынайы хабар тарату емес, қолданушының эмоциясын ояту. Қорқыныш, ашу, жеккөру – осы сезімдер арқылы олар аудиторияны ұстап тұрады. Себебі бұл – жұмыс істейтін алгоритм. Ашулы пікір көп болса – қаралым артады, ал қаралым – ақша.

Пабликтер ақпаратты чаттардан, телеграмнан, куәгердің видеосынан алады. Бірақ тексермейді, сараптамайды, жауапкершілік жоқ.

Нәтижесінде – өсек пен манипуляция.

ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Қалалық пабликтер деп аталатын парақшалар барған сайын бұрмаланған ақпараттың көзіне айналуда. Олар жергілікті жаңалықтар түрінде эмоциялық және  арандатушы сипаттағы жарияланымдар таратып, басты назарды фактыге емес, қолданушының реакциясына аударады.

Ал соңғы күндері Instagram-да мектеп оқушысы өз сыныптасын ұрып жатқан видео тарады. Автор «Бұл Қазақстанның қай мектебінде болды?» – деп, аудиторияны әдейі шатастырған.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл видеоның Қазақстанға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ол  Қырғызстанда   түсірілген.

ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Бейнежазбаны зерделеу нәтижесінде оның Қазақстанға еш қатысы жоқ екені анықталды. Кадрда Қырғыз Республикасының елтаңбасы айқын көрінеді.

Сондықтан, көрермен, есте сақтаңыз: Көрген видеоны таратпас бұрын – тексеріңіз! Ресми дереккөзге жүгініңіз! Ал ең бастысы – эмоцияңызбен емес, ақылыңызбен қабылдаңыз. Бүгінге осы. Келесі кездескенше!