$541.34 €640.73 ₽6.53
×

БҚО-да елімізде теңдесі жоқ зауыттың құрылысы басталды

17.10.2025ж. 19:00
БҚО-да елімізде теңдесі жоқ зауыттың құрылысы басталды

Батыс Қазақстан облысында елімізде теңдесі жоқ газхимиялық кешеннің құрылысы басталды. Табиғи газдан метанол өндіретін зауыт ішкі нарықтағы сұранысты түгелдей қамтамасыз етеді. Ал артылған өнім экспортқа шығарылады. Бұл жоба өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытады, дейді мамандар.

Елімізде метанол өндіретін кәсіпорын жоқ, қажет өнім түгелдей Ресейден импортталады. Жылдық сұраныс 80 мың тоннаға жуық. Оралдық кәсіпорын енді осы олқылықтың орнын толтырмақ.

ДАМИР ДҮЙСЕМБАЙ, «ZHAIK PETROLEUM LTD» ЖШС ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Метанол деген химиядан шығатын ең бірінші продукт. Одан 380 өнім шығады. Полиэтилен шығады, дәрілер шығады. Біздің мақсатымыз, ойымыз - Қазақстанда импортты жауып тастау.

78 млрд теңге инвестиция жұмсалатын кешен құрылысы екі жылда аяқталады. Бұдан кейін дайын өнім негізгі тұтынушы - еліміздегі ірі мұнай өңдеу зауыттарына жол тартады.

КАН ХЭ ПИНЬ, «САН БАО «ШЫҢЖАҢ САУДА-ӨНЕРКӘСІП КОМПАНИЯСЫ» ЖШС ПРЕЗИДЕНТІ:

Мынау алтын жер, газ көп. Осы газдан метанол жасаса жақсы. Қазақта метанол жоқ. Бәрін шетелден әкеледі. Мына зауытты бітіргесін, 130 мың тонна шығарсақ, Қазақстанның өзіне жетеді. Ол да жақсы.

Мемлекет басшысы да өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартып, жоғары технологиялық өндірісті дамытуды тапсырған еді.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Алдағы бес жылда Батыс Қазақстан облысында 4 триллионның үстінде инвестиция тартамыз деген жоспарымыз бар. Ол Батыс Қазақстан облысының экономикасына үлкен серпін береді. Екіншіден, жұмыс орындары ашылады, үшіншіден салық. Кадрларды дайындау өздерінің қаражаты есебінен. Осы келісімге бізге, облысқа келіп жатқан инвесторлардың барлығы келісіп отыр.

Метанол өндіретін зауыт еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, газды терең өңдеу ісі жолға қойылады.