Шараға аймақтың дәрігерлері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кардиологиялық орталықта жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларымен күрестегі өзекті мәселелерге арналған аймақтық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – өңірде қан айналым жүйесі ауруларын алдын алу, ерте диагностика және кардиореабилитация бағытындағы жұмысты жетілдіру.
Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Гүлжанат Джакованың айтуынша, бүгінде жүрек-қан тамыр аурулары өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып отыр.
– Республика бойынша біздің аймақ бұл ауру түрінің себебінен болатын өлім-жітім бойынша екінші орында. Негізінен ми тамырларының патологиясы жиі кездеседі. Бұл жалпы көрсеткіштің шамамен 43 пайызын құрайды, – деді ол.
Маманның сөзінше, кардиологиялық орталық тәулігіне шамамен елу пациент қабылдайды. Олардың 60-70 пайызы ауруханаға жатқызылады. Жыл сайын шамамен екі мың коронарография және жүрекке алты жүзге жуық ота жасалады.
Бас дәрігер қазіргі таңда қаладағы жүрек орталығында күрделі операциялардың толық спектрі жүргізілетінін алға тартты. Оның айтуынша, олар қазір науқастарға бір наркозбен екі операция жасай алады. Мысалы, жүрекке және мойын тамырларына. Өз кезегінде бұл пациенттің сауығу процесін едәуір жылдамдатады.
2021 жылдан бері ауруханада инсульттік орталық жұмыс істейді, мұнда ангиографиялық зерттеу, тромбоэкстракция және нейрохирургиялық араласулар жүргізіледі. Сонымен қатар биыл тамыр хирургиясы бөлімшесі ашылып, өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек көлемі кеңейген.
Бүгінде оталардың басым бөлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізіледі. Ал ақшалай негізде жасатқысы келетіндер үшін операцияның орташа құны төрт миллион теңгені құрайды. Айта кетейік, жоспарлы операцияға кезек – шамамен бір апта.
Жиын барысында аурулардың жасарып келе жатқаны да сөз болды.
– Өкінішке қарай, бүгінде жүрек-қан тамыр патологиясы жастар арасында жиілеп барады. Бұған энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну мен денсаулыққа зиянды өмір ырғағы әсер етеді, – деді Гүлжанат Джакова.
Сондай-ақ кардиологиялық орталық пен өңірдің барлық емханалары арасында тығыз байланыс орнатылған. Бүгінде мамандар арасында ауруды ерте анықтау және уақтылы емдеу бағыттары бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Конференция аясында дәрігерлер жаңа ғылыми жетістіктермен және клиникалық тәжірибелермен бөлісті. Бұл конференция мамандардың кәсіби деңгейін арттырып, өңірдегі жүрек-қан тамыр ауруларынан туындайтын өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге ықпал етеді.