$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үнсіз қоғам, үнсіз бала: логопедтер неге алаңдайды?

17.10.2025ж. 23:15
Үнсіз қоғам, үнсіз бала: логопедтер неге алаңдайды?
фото: depositphotos.com

Қоғамдағы ең үнсіз дабылдың бірі — балалар тілінің кешеуілдеуі. Бұрын үш жасқа толар-толмасында ертегі айтып, жыр мен тақпақ жаттаған бүлдіршіндер қазір бір сөйлем құрауға қиналып, экрандағы кейіпкерлердің тіліне байланып қалды. Бұған қатысты түрлі тұжырымдар бар. Көпшілік, гаджеттердің қолданысқа кеңінен дендеуі деп болжайды. Мамандармен сөйлесе отырып, тіл тазалығына бала қолындағы гаджет пе әлде ата-ана қолындағы телефон әсер ете ме деген ойда қалдық, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы берген ақпараттарға сүйенсек, облыста жалпы білім беретін мекемелер мен балабақшаларда бүгінде 168 логопед маман жұмыс істейді екен. Олардың қатары да жыл сайын сұранысқа қарай артып отыр. Он бес – жиырма жыл кейін, өзіміз мектеп оқыған шаққа шегінсек, мұндай мамандарды сирек кездестіретінбіз. Біздің білгеніміз пәндік мұғалімдер, ұзаса мейірбикелер, кейін психологтар қосылды. 

- Қазіргі таңда облыс бойынша шамамен 2000-ға жуық бала логопедтің көмегін алып жүр. Бұдан бөлек, аудандық деңгейдегі түзету кабинеттерінде де осындай мамандар балаларға тұрақты көмек көрсетуде,— дейді ШҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Амина Құрманжанқызы.

Соңғы жылдары логопед, дефектолог мамандарына сұраныс артты. Ата-аналар баласының тіл дамуындағы кешеуілдеуді жиі байқай бастады. Логопедтік көмек тек дыбысты дұрыс айтуға ғана емес, баланың танымдық, психоэмоциялық дамуына да ықпал ететінін байқап келеміз. Балалардың сөйлеу тілі бұзылысының көбейгенін логопед мамандар да растап отыр. Дефектология магистрі, логопед Лира Мұхаметқанқызы Жалаушинова бұл жағдайдың себептерін ғылыми және әлеуметтік тұрғыдан талдап берді.

- Соңғы жылдары балалардың тілінің кеш шығуы жиілеп барады. Зерттеулер көрсеткендей, бүгінде мектеп жасына дейінгі балалардың 30–40%-ы көзілдірік тағады, ал сөйлеуінде әртүрлі ақаулары бар балалардың үлесі 50–60% шамасында. Яғни, әрбір екінші бала дыбыстарды дұрыс айта алмайды немесе сөйлеуінде кешеуілдеу байқалады, — дейді маман.

Бұл сандар ата-аналар мен қоғам үшін нағыз дабыл қағатын көрсеткіш. Лира Мұхаметқанқызының айтуынша, қалыпты дамып келе жатқан бала 1 жас 6 айында 10–15 сөз, 2 жасында 300-ге жуық сөз, 3 жасында мыңнан астам сөз айтуы керек. 

- Соңғы 20 жылда дыбысты дұрыс айта алмайтын балалардың саны күрт артты. Бұның басты себептерінің бірі – ата-аналардың балалармен қарым-қатынасының азаюы. Бұрын аналар мен әжелер баланы әлдилеп, ән айтып, ертегі айтып өсіретін. Ал қазір көпшілігі гаджетке байланып қалған. Баланың сөйлеу ортасы – тірі әңгіме мен эмоциялық байланыс арқылы ғана қалыптасады, — дейді Лира Мұхаметқанқызы.

Логопед – тек дыбысты дұрыс айтуды үйрететін маман емес, ол баланың сөйлеу жүйесіндегі бұзылыстарды анықтап, олардың себептерін жоюмен айналысатын, тіл арқылы тұлғаның дамуына ықпал ететін мамандық. Миссиясы - баланың сөйлеу тілі мен ойлау қабілетінің үйлесімін қалыптастыру. Жалпы алғанда, бұл бағыт дефектология деп аталады. Бұл – дамуында ауытқуы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеуді зерттейтін арнайы педагогика саласы.

Дефектология төрт негізгі бөлімге бөлінеді: тифлопедагогика, сурдопедагогика, олигофренопедагогика және логопедия. Тифлопедагогика көру қабілеті зақымданған балалармен, сурдопедагогика – есту қабілеті бұзылғандармен, олигофренопедагогика – ақыл-ойында тежелісі бар балалармен жұмыс жүргізеді.

Ал логопедия – сөйлеу тілі бұзылған балалармен түзету және дамыту жұмыстарын жүзеге асыратын ерекше сала. Сөйлеу процесі адам ағзасындағы күрделі жүйе – сөйлеу аппаратының жұмысымен тығыз байланысты. Ол орталық және шеткі бөліктерден тұрады. Орталық бөлік – ми қызметімен, әсіресе сол жақ жарты шармен байланысты болса, шеткі бөлік – тыныс алу, дауыс шығару және артикуляциялық аппарат арқылы жүзеге асады. Осы бөліктердің біріндегі бұзылыс тілдің кеш шығуына, сөйлеудің бұзылуына әкелуі мүмкін.

Маманның айтуынша, тілдің дамуы тек психологиялық емес, физиологиялық негізге де байланысты. Қазіргі таңда балаларға көбіне сұйық тағам беру, қатты тағамнан бас тарту, үнемі блендерден өткен ас ішу артикуляциялық аппараттың әлсіреуіне әкеледі.

-Тағы бір өзекті себеп – артикуляциялық бұлшықеттердің әлсіздігі. Бұрын қазақ балалары құрт шайнап, сүйек мүжіп, жағын дамытатын. Ал қазір ата-аналар «қақалып қалады» деп, тек сұйық, жұмсақ асты ғана береді. Бұл баланың жақ бұлшықеттерінің жетілмеуіне, дыбысты анық айта алмауына себеп болады, - дейді логопед. —  Сөйлеу дағдысын дамыту үшін ата-ананың атқаратын рөлі ерекше. Кейде ата-аналар бала былдырлап сөйлегенде соның тілінде сөйлеп, еркелету үшін бұзып айтатын әдет бар. Бұл дұрыс емес. Себебі бала естігенін қайталайды, яғни, бұзылған сөзді қалыпты норма ретінде қабылдайды, - дейді логопед.

Қалыпты жағдайда бала сыбырды 3 метрден, қалыпты дауысты 6 метрден ести алуы тиіс. Егер есту қабілеті төмен болса, тіл де кеш дамиды.

– Баланың логопедке жүгінуі үшін ең тиімді кезең – 2–3 жас аралығы. Дәл осы кезеңде түзету жұмыстары нәтижелі болады. Өкінішке қарай, кей ата-аналар баласын тек мектепке баруға аз уақыт қалғанда ғана маманға алып келеді. Бұл кезде тілдік бұзылыс орнығып, түзетуге көп уақыт қажет болады, - дейді Лира Жолаушинова. – Сонымен қатар, қазір көптеген отбасыларда бала бірден екі немесе үш тілде сөйлейді. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің араласуы баланың сөз мағынасын шатастыруына себеп болуы мүмкін. Сондықтан алдымен бір тілде сөйлеуді қалыптастырып, кейін басқа тілдерді енгізу – ең дұрыс тәсіл. 

Мәселенің медициналық қырына тоқталған педиатр Ұлжан Жамауқалиқызы да ата-аналарға ескерту жасады. Оның айтуынша, тіл дамуының кешеуілдеуімен қатар көру қабілетінің нашарлауы, ұйқының бұзылуы және жүйке жүйесінің шаршауы да қатар жиілеп отыр.

-Гаджеттерді шамадан тыс пайдалану - зиян. Біріншіден көзге әсері, содан кейін қозғалыстың аздығы. Балалар бір-бірімен сөйлесіп, далада жүгіріп, ойнауы керек. Сол кезде тіл ерте шығады, сөздік қоры көбейеді. Тіл ерте шығу үшін, олармен сөйлесу керек. Иә, қазір көзілдірік тағатын балалар да  көп. Гаджетті ұзақ қарау ашушаңдыққа, ұйқының бұзылуына алып келеді, — дейді педиатор.

Қазіргі ұрпақ тілінің кеш шығуы, қоғамның қарқынды өзгерісіне ілескен тұрмыс пен қарым-қатынас дағдысының бұзылу көрінісі. Цифрлы өмір ырғағы адамдар арасындағы шынайы байланысты әлсіретті. Сөйлесу мәдениеті азайған сайын, баланың да тілдік дамуы тежеледі. 

Бұл тұрғыда мамандардың пікірі бір арнаға тоғысады: логопед те, педиатр да, педагог те  бала тілінің отбасында қалыптасатынын айтады. Мемлекет логопедиялық көмек пен арнайы түзету орталықтарын көбейтсе, қоғам ата-аналық жауапкершілік мәдениетін күшейтуі тиіс. Балаға отбасы алғашқы қуанышы ғана емес, ұлттық коммуникация мәдениетінің бастау нүктесі екенін ұмытпаған абзал.