Ақмола облысында полицейлер екі ұрлықтың бетін ашты. Ақмола облысында полиция қызметкерлері мүліктік сипаттағы қылмыстарды ашу жұмыстарын жалғастыруда. Мәселен, Аршалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 10-11 қазан аралығында жасалған екі ұрлықты әшкереледі. Белгісіз адамдар гараж есігін бұзып, жүк көлігінен бес дөңгелек пен электр қайрағышты ұрлап кеткен. Залал сомасы 1,6 млн теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікке ілінген үш жергілікті тұрғын анықталды. Сонымен қатар Біржан сал ауданының полициясына жергілікті тұрғын телефоны, жеке куәлігі және банк картасының жоғалғаны туралы өтінішпен жүгінді. Кейін белгісіз адам табылған банк картасын пайдаланып, 116 мың теңгеге сауда жасаған. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Екі факті бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.