$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада сот ғимаратында мүгедектігі бар әйел көтергіштен құлап кетті

19.10.2025ж. 16:16
Астанада сот ғимаратында мүгедектігі бар әйел көтергіштен құлап кетті
Фото: istockphoto

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты ғимаратында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіш құрылғы істен шығып, әйел адам жарақат алды.

Куәгерлердің айтуынша, көтергішпен жоғары көтеріліп келе жатқан арбадағы әйел шамамен бір метр биіктіктен бетон қоршауға, кейін жерге құлап түскен.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан құрылғы көтеріліп келе жатып, бір жағы аударылып кеткен сәт анық көрінеді.

«Неліктен трос үзілді? Мен сіздерге заңдылық пен әділдік іздеп келдім, ал сіздер не істеп отырсыздар?» – деп көз жасын тыя алмай айтқан әйелдің сөздері видеода естіледі.

Соттың баспасөз қызметі төтенше жағдай тростың үзілуінен болғанын растады. Алдын ала себепті «Капитал Лифт» ЖШС қызмет көрсетуші компаниясының өкілдері анықтаған.

Сот отырысына келген әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылған. Қазіргі уақытта ол ауруханада, есін біледі.

Оқиға туралы полицияға да хабарланған. Барлық мән-жайды анықтау мақсатында Астананың Есіл ауданы бойынша тергеушінің қатысуымен тексеріс жүргізіліп жатыр.