Павлодардағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка‐драма театры Республика күніне арналған ерекше тарту әзірледі .Мереке күні көрермендер спектакльге кіру тегін болады.
– Әртүрлі мерекелерге түрлі қойылымдар дайындаймыз. Бұған дейін Халықаралық әйелдер күніне және Қазақстан халқының бірлігі күніне қойылымдар қойдық. Оған қоса Халықаралық балалар күніне орай бүлдіршіндерге тегін ертегілер сахналаған едік, – деді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразова.
Мерекелік күнге ұсынылатын «Оян, қазақ...Ойлан, қазақ!» қойылымы – елін қырғынға ұшыратқан Голощекин саясатына қарсы ерлікпен тұрғаны және азаттық идеясын сатқандардың да өз арамыздан табылғанын терең суреттейді. Айта кетейік, биыл Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойы атап өтілуде.
Қойылымның авторы – Ерсайын Төлеубай, режиссері – Жанат Хаджиев. Аталмыш спектакльдің премьерасы 2018 жылы өткен. Басты рөлдерді Руслан Нығман, Нұржан Сарқамбаев және Бейбіт Шәнім сомдайды.