$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Арнайы жасақ сынағы: Ұлттық ұланда алғашқы рет бір үйдің екі жігіті Күрең берет иегері атанды

Арнайы жасақ сынағы: Ұлттық ұланда алғашқы рет бір үйдің екі жігіті Күрең берет иегері атанды

Алматы облысы Алатау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің базасында «Күрең берет-2025» сынағы өтті. Оған «Бүркіт» арнайы жасағының 100-ге жуық жауынгері қатысты. Сынақтан сүрінбей өткен 13 жауынгер Күрең берет иесі атанды. Олардың арасында ағалы-інілі ағайынды да бар. Сынға түскен ағайындылардың үлкені Күрең беретке осымен үшінші мәрте қатысып отыр. Екі рет сәтсіздікке ұрынған үміткер бұл жолы мақсатына жету үшін бар жігерін жұмсады. Ал оның інісі алғаш рет бақ сынаған.

 Күрең берет үшін күрес жыл сайынғы дәстүрге айналғанымен, әр үміткер үшін бұл — өміріндегі ең үлкен сын. Биыл да сынақ оңай болған жоқ. Қатысушылар 65 шақырымдық кедергілері бар жорық жолын жүгіріп өтті. Олардың әрбірі тек күшін ғана емес, ақылын, ерік-жігерін және сабырын сынға салды. Сынақтың бастапқы кезеңінде нормативті орындай алмаған 30-дан астам үміткер сынақтан шеттетілді.
 

— Біз үшін күрең берет — жай бас киім емес. Бұл — намыс, бұл — абырой. Оны кию үшін өзіңді күні-түні қайрап, бар күшіңді сарп етуге тура келеді. Әсіресе, екінші кезең өте ауыр тиді. Сол себепті қиындыққа барынша шыдадым. Інім екеуіміз екі түрлі топта болдық. Соған қарамастан артымнан ерген ініме үлгі болуға тырыстым, — деді ағайынды жауынгерлердің үлкені.


Негізгі кезеңдегі «Сулы және батпақты аумақты кешіп өту», «Ор қазу», «Жер бауырлап жылжу», «Жаралы қаруласын сүйреп өту», «Түтін арасынан шығу» секілді жаттығулар кезінде үміткерлердің дене қуаты ғана емес, рухы да сынға түсті. Күрең берет иегері атану үшін тек күш пен ептілік аз. Әр секунд, әр қимыл, әр шешім — өмір мен өлімнің арасындағы сәт секілді бағаланады.

 Сынақтың шешуші күні ұзақ жолды еңсерген жігіттер норматив бойынша оқ-дәрі тасымалдау және жұппен кедергілер жолағынан өту тапсырмаларын орындады. Қарша бораған оқтың астынан өтіп, бірнеше күннен бері өздерімен бірге отқа да, суға да түскен қаруларынан оқ атты. Ал ең соңында үміткерлер өзара күш сынасып, жекпе-жекке шықты.

Осылайша, сынақтан сұрыпталған 13 жауынгер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың қолынан Күрең береттерін алды.
 

«Бүгін бір үйдің екі баласы күрең берет иегері атанып отырмыз. Бұл біздің әулетіміз үшін айрықша оқиға. Мен үшін бұл берет — бауырластықтың белгісі», — деді алғашқы талпынысынан-ақ күрең беретке қол жеткізген арнайы жасақ жауынгері.


Бүгінде күрең берет иелері – Ұлттық ұланның ең таңдаулы әрі ең сенімді күші. Олар Қазақстанның қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауда алдыңғы сапта тұрады.

Айта кетейік, биыл Күрең берет сынағы осымен 25-ші рет ұйымдастырылып отыр.