Атыраудағы №79 түзету мекемесінде келесі жылы бостандыққа шығатын әйелдер үшін үш күндік кәсіптік курс ұйымдастырылды. Олар шаштараз ісі, визаж және маникюр сияқты сұранысқа ие мамандықтарды меңгерді.
«Мамандар келіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Мен шаштараз мамандығы бойынша диплом алып, өзімді жаңа өмірге дайындадым», – дейді Маржан Қозыбай.
Тағы бір қатысушы Татьяна Шешина визаж курсын өтіп, былай деді:
«Бұл — бала кезден бергі арманым еді. Осындай мүмкіндік бергендеріңізге алғыс айтамын».
Курстың мақсаты — әйелдерге қоғамға бейімделіп, жаңа өмір бастауға көмектесу. Барлығы 34 әйел оқудан өтті. Курс соңында оларға сертификаттар мен тегін заңгерлік көмек алу мүмкіндігі берілді.
Келесі курстар қарашада Шымкентте, ал желтоқсанда Алматыда өтеді.