$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мемлекет басшысы: «Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет»

Мемлекет басшысы: «Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет»

 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті.
Жиынның күн тәртібінде көлік, логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы мұндай формат Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының ерекше сипатын паш ететінін атап өтті.
 

 

– Кеңес екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша ортақ шешім шығаратын тиімді алаңға айналды. Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихи тамырластық, бай рухани-мәдени мұра біріктіреді, менталитетіміз бен ұстанымдарымыз ұқсас. Сан қырлы ынтымақтастығымыз осы мызғымас құндылықтардың негізінде дамып келеді. Ильхам Гейдар оглу, Сіздің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыздың маңызы зор. Сіздің сапарыңыз екі ел арасында Стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толған сәтте өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Осы жылдар ішінде біз белсенді саяси диалогты жолға қойып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың үздіксіз дамуына берік шарттық-құқықтық негіз қаладық. Осынау жан-жақты, әрі дәйекті жұмысты екі ел азаматтары да қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті.