$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастық туралы 15 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастық туралы 15 құжатқа қол қойды

Әзербайжан – Қазақстан үшін ерекше ел, бауырлас мемлекет.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесуінде осылай деді. Тараптар  сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. 

БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің бұл сапары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.  Биыл екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік орнағанына 20 жыл. 2005 жылы қабылданған құжат халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде тығыз ынтымақтастық орнатып, өзара мүддені тиімді қорғауға негізделген.

Мемлекет басшысы Ақорда сарайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Әзербайжан Президентін қарсы алды. Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, құрмет қарауылы сап түзеді. Екі елдің әнұраны орындалған соң президенттер бірден келіссөз залына қарай беттеді.

Кездесуде Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін жеткізді. Сауда-экономика, инвестиция және көлік-транзит салаларында серіктестікті нығайту маңызды екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет.

Ильхам Әлиев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-әзербайжан байланысы барлық бағытта қарқын алғанын атап өтті.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз.

Бұдан бөлек, қос ел президенттеріне  Орта дәлізді дамыту бойынша жобасы таныстырылды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерін Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыт.  Бүгінде жүк Қытай шекарасынан Грузия порттарына дейін 15-18 күнде жеткізіледі. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк айналымы үш есе артуы мүмкін. Бұдан соң, Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысын өткізді. Онда екі ел басшылары сауда айналымды бір миллиард долларға жеткізуге уағадаласты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын қабылдау тапсырылды.

Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау мәселесі де маңызды. Былтыр бір жарым миллион тонна мұнай тасымалданған.  Мұны алдағы уақытта ұлғайту көзделген. Сонымен қатар Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын да жеделдету мәселесі қозғалды. Оны екі жақты ІТ технологияларды дамыту арқылы қол жеткізуге ниетті. Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы үш жылда бір-бірімізге оннан аса сапар ұйымдастырдық. Ықпалдастығымыздың қаншалықты қарқынды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрбір кездесу, әрбір талқылау түпкі нәтижені көздейді. Бүгін біз салалық министрліктердің есебі мен келешек жоспарларын тыңдадық. Жұмыс қорытындысына көңіл толады. Өйткені белгіленген міндеттердің бәрі орындалып жатыр. Мемлекетаралық кеңес аясында қол жеткізілген келісімдер халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді.

Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық та ерекше. Екі елде алма-кезек өткен Қазақстан мен Әзербайжанның Мәдениет күндері және Кино күндері айтулы оқиғаға айналды. Бұл да тараптардың тығыз қарым-қатынасының нәтижесі.

Жалпы Әзербайжан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында  ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойылды.