$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жаңа жылдан бастап ұялы телефон тарифі 20% қымбаттайды

21.10.2025ж. 19:00
Жаңа жылдан бастап ұялы телефон тарифі 20% қымбаттайды

Елде ұялы телефон тарифі тағы қымбаттайды. Енді жаңа жылдан бастап 20 процент көп төлейміз.  Activ, Tele2, Билайн басшылары бұған келер жылы қосылатын құн салығы сеп боп отыр дейді. Ал тұрғындар болса, бағасы өссе де сапасы артпайтын операторлардың жұмысын сынға алып әлек.  Интернет жылдамдығы ең төмен 35 елдің қатарына кіретін Қазақстан бұл мәселемен қалай күреседі? Не істеу керек? Толығырақ Аружан Задабектің сюжетінде.

Интернет жоқ, сапа төмен. Жұрт айтатын осы сөз әлі өзгерген жоқ. Бәрі бәз қалпында. Министрлік интернет жылдамдығын арттырамыз деп қанша тырысса да, тірлігі оңбай қойды. Жасап жатқан бар амалы, тариф құнына кеп тіреледі дейді тұрғындар.  Иә, жаңа жыл жаңа сыйлығымен келгелі жатыр. 2026 қадам баса сала, телефонға салатын теңге мөлшері артады. Аз-маз емес, бірден 20 процентті қағып алмақшы.

ЕВГЕНИЙ НАСТРАДИН, «BEELINE KAZAKHSTAN» ХОЛДИНГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келер жылы бәрімізді қосылған құн салығының қымбаттауы күтіп тұр — бұл салаға 35-40 млрд теңге шамасында әсер ететін маңызды фактор. Біз бағаны қаңтар айында өзгертуді жоспарлап отырмыз.

Оператор басшыларына «неге қымбаттай береді» десең, «бәрінің бағасы өсіп жатыр ғой» деп құтылады. Қазір бір тарифтің орташа құны – 5000 мен 6000 арасы. Бір басыңның қамымен жүрсең мейлі, ал егер бала-шағаң болса, осы баға 2-3 есе артады. Демек, ай сайын жалақыңның 10-20 проценті тек интернет үшін кетеді. Оның өзінде экс-министр айтқандай Токиодан асып кететіндей жылдамдық болса қанекей?!

АЛЕКСАНДР БАБИЧЕВ, «МОБАЙЛ ТЕЛЕКОМ-СЕРВИС» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Тариф қымбаттауының басты себебі — халық тарапынан өсіп жатқан сұраныс пен оған ілесе алмай жатқан инфрақұрылым. Операторлар инфрақұрылымға көбірек инвестиция салуға мәжбүр.

Соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Қазір 20 миллионнан астам мобильді абонент пен 3,7 млн тіркелген пайдаланушы байланыс қызметін қолданып жүр. Сала министрі алдағы екі жылда халықтың 100 проценті интернетпен қамтылады деп уәде берді. «Аузына май» дейміз ғой, бірақ дәл осы сөздің айтылып келе жатқанына қанша болды? Экс-басшылар да талай рет айтып, «қатыра алмай» кеткен еді.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желілері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады.

Деректер базасынан азаматтардың мәліметтері таралып кеткен оқиғалар жиі кездеседі.  Үкімет басшысы бұл үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін  жазаны қатаңдату керек. Мұндай талап  мемлекеттік органдармен қатар  қаржы ұйымдарына, мобильді операторлар мен жеке бизнеске де қатысты болуға тиіс.

 

Жақсы жаңалық жоқ емес. Келесі жылдан бастап қазақстандықтар ұялы байланыс сигналы нашар орындарда кез келген Wi-Fi желісіне қосылып, қоңырау шала алады. Жаңа технология сынақтан сәтті өткен.