$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбелік әйел он екі жыл бұрын үйінен шығып, содан бері қайтып оралмаған

AstanaTV
21.10.2025ж. 19:00
Ақтөбелік әйел он екі жыл бұрын үйінен шығып, содан бері қайтып оралмаған

Ақтөбелік әйел он екі жыл бұрын үйінен шығып, содан бері қайтып оралмаған. 48 жастағы Жәния Көлдірова 2012 жылдың желтоқсанынан бері  із-түзсіз жоғалып кеткен көрінеді.  Туыстары әлі күнге дейін хабар күтіп жүр.  Ал полиция іздеуді тоқтатқан.  

Жәния Көлдірова  ұшты-күйлі жоқ. Үйінен құжаттарын алып, белгісіз бағытқа кетіпті. Бір жыл өте отбасының таныстары оны орталық базар маңынан көрген екен. 

АЙНҰР КӨЛДІРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қонаққа кеткен негізі. Мына вокзал жақта Байғанинде тұрдық біз квартира жалдап. Ол кезде мен студентпін. Квартира жалдап жүрдік. Папам оның алдында 2006 жылы инсульт алды. Содан кейін біз квартираға кетіп, үйді саттық.

Сол кезде қызы Айнұр жиырмадан жаңа асқан еді. Бүгін өзі де ана. Бірақ туған анасынан он екі жылдан бері хабар жоқ.

АЙНҰР КӨЛДІРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Газетке бердік, бармысың бауырымға да бердік. Кел дегім келеді. Қасымызда болғаны жақсы. Қандай болса да.

Полиция әйелдің жоғалғаны туралы істі 2012 жылы тіркеген. Ауыл-аймақ түгел іздестірілген. Бірақ нәтиже болмапты.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

2012 жылы Ақтөбе облысының тұрғынының жоғалуына байланысты іздестіру шаралары ұйымдастырылған болатын. Алайда 10 жыл өткеннен кейін өткізілген шаралар нәтиже бермегендіктен қылмыстық іс қысқартылған болатын.

Айнұр үмітін үзбейді. Емші, көріпкел біткеннің бәріне барған. Олар анасының тірі екенін айтыпты.  Сол сөз оған жылдар бойы күш беріп келеді. 12 жыл өтті. Бірақ перзент жүрегінде үміттің оты сөнбеген. "Бәлкім, бір күні анам есіктен кіріп келер" деген сенім Айнұрдың өмірін алға жетелеп келеді.