$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды

Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды

Ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыздан бастап БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ауыл шаруашылығы санақтарының оныншы дүниежүзілік бағдарламасы аясында өткізілді және ол еліміз бойынша шамамен 1,6 млн үй шаруашылығын және 300 мың ауыл шаруашылығы құрылымын қамтыды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Санақ жүргізу бойынша сауалнама парағына жерді пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасы, егіс алқаптарының көлемі, тыңайтқыш қолдану, мал шаруашылығы, еңбекпен қамту және басқа да көрсеткіштерге қатысты сұрақтар енгізілді. Ақпарат ірі аграрлық кәсіпорындардан, шаруа қожалықтарынан, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардан жиналды. Деректер жинау екі кезеңмен жүргізілді.

Бірінші кезең онлайн форматта 1–31 тамыз аралығында өтті. Сауалнама парағын sanaq.gov.kz сайтында ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасы арқылы QR-қолжетімділік көмегімен толтыруға мүмкіндік берілді. Бұл мүмкіндікті шамамен 600 мың адам пайдаланды. Екінші кезең офлайн түрде 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін жүргізілді. Ел бойынша 3 200-ден астам интервьюер сауалнама жүргізді.

Жиналған мәліметтер мемлекетке агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауылдағы өмір сапасын жақсарту және ресурстарды ұтымды пайдалану бағытында неғұрлым нақты шешімдер қабылдауға жол ашады.

Санақ нәтижелерін алдын ала өңдеу мен талдау алдағы айларда аяқталады. Қорытынды деректер арнайы аналитикалық құралдар арқылы өңделіп, көрнекі талдау жасалып, келесі жылы Ұлттық статистика бюросының сайтында жарияланатын болады.