Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев “2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасын таныстырып, алдағы үш жылға арналған негізгі қаржылық бағыттарды жариялады, деп хабарлайды Astana TV.
Министрдің айтуынша, 2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға 6,8 трлн теңге бағытталады. Бұл саладағы басты жаңалықтың бірі – әлеуметтік төлемдерді тағайындауда цифрлық тетіктерді енгізу және проактивті форматқа көшу. Оның айтуынша, бұл бастама адами факторды азайтып, бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетуге және көмек көрсету процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 2,7 трлн теңгені құрайды. Бұл – биылғы жылмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге артық. Министрдің сөзінше, бұл қаражат медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталады, - деді Такиев.
Білім және ғылым саласына 2026 жылы 902 млрд теңге жоспарланып отыр. Бұл қаражат білім сапасын арттыру, дарынды жастарды қолдау және ғылыми орталықтарды дамыту сынды басым бағыттарды қамтиды.
Сондай-ақ мәдениет, туризм және спортты дамытуға келер жылы 263,5 млрд теңге бөлінбек.
Бюджет жобасында Мемлекет басшысының тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары да ескерілген. Осыған байланысты, мемлекеттік қолдау шараларына кешенді талдау жүргізіліп, 2026 жылы экономиканың өсіміне тікелей әсер ететін шығындар көлемі шамамен 1,2 трлн теңге көлемінде жоспарланған, - деп айтты Қаржы министрі Мәжілісте.
Осы ретте нақты секторды дамытуға бағытталған қаражат көлемі 540 млрд теңгеге артып, жалпы сомасы 3,7 трлн теңгені құрамақ.