Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды Astana TV.
Оның айтуынша, Үкімет келесі жылы азаматтардың өмір сапасын арттыру мен экономиканың тұрақты дамуына басымдық береді.
Министрлік дерегінше, денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл биылғыдан 107 млрд теңгеге артық. Қаражат медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталады.
Білім және ғылым саласына – 901,7 млрд теңге, мәдениет, туризм және спортқа – 263,5 млрд теңге қарастырылған.
Экономиканы ынталандыруға 1,2 трлн теңге, ал нақты секторды дамытуға 3,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 540 млрд теңгеге көп.
Өңірлерді дамытуға 2026 жылы 300 млрд теңге, жалпы үш жылда 581 млрд теңге бағытталады. Сонымен бірге әкімдіктердің дербестігін арттыру үшін өңірлерге 5,1 трлн теңге трансферт қарастырылған.
Күштік құрылымдарға 2026 жылы 3 трлн теңге бөлінеді. Бұл қорғаныс шығындарының ЖІӨ-дегі үлесін 1%-ға жеткізеді.