Трамп пен Путиннің кездесуі кейінге шегеріледі. Тіпті, мүлдем болмауы мүмкін. АҚШ Президенті: «Босқа уақыт жоғалтқым келмейді», - деді. Оның орнына бар назарын Латын Америкасына бұрғандай. Енді Оңтүстік Америка және Кариб бассейні елдеріне қаржылай көмекті тоқтатуды көздеп отыр. Себебі, Американы есірткімен улап жатқанын айтып, Трамп ашуланды. Ал, Францияның бұрынғы Президенті Николя Саркози абақтыға аттанды. Осыдан екі апта бұрын оған қарсы 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Ол соғысты тоқтатуға дайын болмайынша кездеспеймін. Трамп Путин туралы осылай деді. Мажарстан астанасында өтеді деп жоспарланған келіссөздер АҚШ пен Ресей сыртқы саяси ведомство басшыларының әңгімесінен кейін кейінге шегерілді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл Томагавк зымырандарын жіберуге еш қатысы жоқ. Мен босқа қыдырып жүргім келмейді. Менде уақыт өте тығыз. Оны пайдалы шаруа тындыруға жұмсағаным артық. Жақын арада Путинмен мазмұнды келіссөз жүргізу мүмкін болмай тұр.
Латын Америкасы бізді есірткімен улап жатыр. Сол үшін енді оларға көк тиын да бермеймін. Трамп, әсіресе, Колумбияға қатты шүйлікті. Осыған дейін, Венесуэлалық кемені жарып жіберген АҚШ Президенті бұдан да қатаң шара қолданатынын айтты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Колумбия есрткімен күреспейді. Олар – өндіруші. Әлі кокайнды тазартып, өңдейтін фабрикалар бар. Алдыңғы Президенттері жақсы еді. Қазіргісі есінен алжасқан.
Францияның бұрынғы Президенті Николя Саркози түрмеге тоғытылды. Осыдан бірер апта бұрын 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Бұрынғы мемлекет басшысы өзінің сайлау компаниясы үшін заңсыз ақша алды деп айыпталды.