Қазақстандықтар тұрғын үйлердің қас бетіне, қоғамдық орындар мен көшелерге мемлекеттік ту іліп жатыр. AMANAT партиясының "Жастар рухы" жастар қанатының белсенді жастары ұйымдастырған «Менің елім – менің туым» акциясы жалғасуда. Елордадағы бас көшелердің бірі – Мәңгілік ел көшесінің бойына белсенділер бүгін ту ілді.
АРСЛАНБЕК МАҒЗҰМ, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Астана қаласы бойынша 200 астам ту тігілді. Бұл жұмысты ары қарай да жалғастырамыз. Елорданың тұрғындары мен қонақтарын белсене қатысуға шақырамыз. Барлығымызға белгілі, заң бойынша үйде мемлекеттік туды ілуге рұқсат берілді. Офис, аула – кез келген жерге ілуге болады.
Ақтауда да көпқабатты тұрғын үйлердің сыртына тулар тігілді. Қаладағы ең биік 20 зәулім ғимаратқа «Жастар рухы» белсенділері жалауды желбіретті. Бұл акцияға тек партия өкілдері емес, өзге азаматтар да белсене араласуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция отансүйгіштікті насихаттауға бағытталған.
АНАР ШАМШАДИНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ақтаудың қақ ортасындағы зәулім үйдің төрінен көк туымыз желбіреп тұратын болады. Бұл елдігіміздің, ауызбіршілігіміздің нышаны ғана емес, болашаққа деген сенім, келешекке деген армандарды білдіретін болады.