2025 жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде автокөлік ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Astana TV.
Министрліктің мәліметінше, автокөлік ұрлығы ең көп Алматы қаласы, сондай-ақ Алматы және Қостанай облыстарында тіркелген.
- Барлық жасалған қылмыстар бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, күдіктілер ұсталды, ұрланған көліктер іздестіріліп жатыр, - делінген жауапта.
ІІМ дерегінше, биыл жасалған қылмыстардың 75 пайызы ашылған. Қазіргі таңда 12 ұрланған көліктің орналасқан жерін анықтау бағытындағы шаралар жалғасып жатыр.
- Жиі ұрланатын көліктер қатарында Ресейде шығарылған автокөліктермен бірге Lexus, Toyota, KIA және BMW маркалары бар, - делінген хабарламада.
Ведомство ұрлық санының төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті.
- Олардың қатарында бейнебақылау камераларының санының артуы, автокөліктердің заманауи GPS-навигация құралдарымен жабдықталуы, құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша азаматтар мен БАҚ арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, шекаралық бақылаудың күшеюі және жазаның бұлтартпастығы бар, - деп түйіндеді Ішкі істер министрлігі.