Елде тұман, көктайғақ болады, деп хабарлайды Astana TV.
Осыған байланысты Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушілерге барынша мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Полицейлердің айтуынша, тұман кезінде кез келген маневр жасауға және жарыс ұйымдастырып өзге көліктерді басып озуға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ алыс шамды жағуға болмайды, өйткені жарық су буына шағылысып, көрінуді нашарлатады. Мұндай жағдайда жақын жарықты және тұманға қарсы шамдарды қосу ұсынылады.
Бұдан бөлек, көктайғақ кезінде жылдамдықты азайтып, тежегішті күрт басудан аулақ болу және көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажет.
Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігіне әлі де жылдамдықты асыру, қауіпті басып озу және рөлде отырғанда мұқият болмау себеп болып отыр. Нашар көріну мен тайғақ жолда мұндай бұзушылықтар аса қауіпті, - деп атап өтті полиция өкілдері.
Құқық қорғаушылар сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тағудың, қозғалыс кезінде ұялы телефон пайдаланбаудың және мүмкіндігінше тұманды немесе көктайғақ ауа райында жолға шықпау керектігін еске салды.
Полиция жүргізушілерді жауапкершілік пен сақтық танытуға шақырады. Себебі тайғақ жолдағы болмашы қателік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.