Елімізде егін жинау науқаны штаттық режимде жүріп жатыр, деп хабарлайды Astana TV.
Ауа райына және жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге байланысты мәселелер туындағаны қарамастан, олардың барлығы жедел және уақытылы шешілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
«Алғаш рет жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге жетті. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген 700 млрд теңгенің 502 млрд теңгесі игерілді. 9 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды. Егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жалғасуда», – деді вице-министр.
1 қазаннан бастап 2026 жылға арналған көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру іске қосылды. Жеңілдетілген лизингке бөлінген 250 млрд теңгенің 253 млрд теңгесіне өтінім берілді. Бұл қаражатқа 8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған.
«Шаруалардың үздіксіз жұмысын 132 мың бірлік трактор, 31 мың астық комбайны, 17 мың орақ машинасы және 130 мың бірлік өзге де техника, оның ішінде 4,2 мыңнан астам жоғары сапалы John Deere және CLAAS комбайндары қамтамасыз етеді. Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына 422 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бағасы нарықтық бағадан төмен – литріне 254 теңгеден», – деп атап өтті Азат Сұлтанов.
Қазір шаруалар 332 мың тонна астық немесе жоспардың 80%-ын жөнелтті. Сондай-ақ қыркүйек-қараша айларында астықты кептіру үшін 40 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның 31%-ы жөнелтілді.