Климаттың өзгеруі мен су қорының азаюы бүгінде ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай ауыртпалық түсіріп отыр, – деп хабарлайды Astana TV.
Бірақ жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдер салаға жаңаша серпін берді. Қытай шаруалары астық жинау мен тасымалдау үшін дрондарды пайдаға асырды. Шаньси өңірінің жері батпақты, сондықтан бұл жерде ауыр ауылшаруашылық техникасын қолдану қиын. Көп жағдайда егінді қолмен жинауға тура келеді. Бірақ дронның арқасында шаруа айтарлықтай жеңілдеген. Жұмысшылар егінді жинап, қапқа артады, қапты дрон көтеріп, көлікке тиейді.
Ал елдің оңтүстік-батысында аграрийлер күрішті үш мың метр биіктікте өсірудің әдісін тапты. Мұндай биіктіктегі топырақ құнарсыз, суару мүмкіндігі де жоқ. Алайда ғалымдар бірнеше жылдық жұмыстың нәтижесінде екі жаңа күріш сұрпын шығарды. Чилидегі қуаңшылық фермерлерді табыстың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Бүгінде олар құрғақшылыққа қарамастан мал өсіріп, жеміс ағаштарын баптап отыр. Бұрын жарамсыз саналған шөлейтте бүгін үш жүзге жуық ағаш өсіп тұр. Қожалықтар қой тезегін қайта өңдеп, алынған биогазды ас үйде пайдаланады.
24.kz ақпаратынша, олар электр энергиясын өздері өндіргендіктен коммуналдық шығындары жоқ десе болады. Мұндай тапқыр шешімдер әлем сарапшыларының назарын аударды. Марко Асейтуно мен Макарена Вальдес алдағы уақытта Бразилияда өтетін климат саммитіне шақырту алды. Нигерия ғалымдары капсула арқылы қауын тұқымдарын ғарышқа жіберді. Мамандар өсімдіктің микрогравитация жағдайына бейімделу қабілетін анықтамақ. Қауынның бұл түрі Африканың дәстүрлі ас мәзірінде жиі пайдаланылады. Денсаулыққа өте пайдалы. Жіберілген капсула ғарышта жеті күн болып, Жерге қайта оралды. Бүгінде алынған дерекпен зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Тәжірибе оң нәтиже берсе, құнарлы тұқым астронавттардың ас мәзіріне енбек.