$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан экономикасы алдағы үш жылда жыл сайын 5 пайыздан жоғары өседі

Қазақстан экономикасы алдағы үш жылда жыл сайын 5 пайыздан жоғары өседі

Енді Қазақстан экономикасы жыл сайын өседі. Бұл - Үкімет ұсынған 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық болжамның басты жаңалығы. ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМ өсімі, инфляцияның төмендеуі және қарыздың қысқаруы - елдің тұрақты әрі сапалы даму бағытын көрсетеді. Яғни экономикалық өсім енді тек мұнай мен шикізат есебінен емес, ішкі өндіріс пен инвестицияның арқасында қалыптасады. 

Қазақстан дағдарыстан кейінгі тұрақты даму кезеңіне қадам басты. Енді жалпы ішкі өнім жыл сайын 5 пайызға өспек. Бұл өсім сыртқы факторларға емес, ішкі мүмкіндіктерге сүйенеді, яғни инвестиция, тұтыну және өндіріс әлеуеті артады. Сан емес, сапаға мән беріледі.

АЙБАР ОЛЖАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Негізгі логистика қойма, транспорт жақсы өскен, одан кейін өндеу өнеркәсібі жақсы өскен, одан кейін сауда. Оның ішінде тау кен өнеркәсібі ол да өсті. Бірақ баяғыдай, мысалы тек алға жетелейтіндей экономиканы тау кеннің ішіне мұнай да кіреді. Ондай фактор жоқ. Ол өте жақсы. Біз ақырындап мұнайға деген белгілі бір тәуелділіктен арылып жатқан сияқтымыз. 1-2  пайыз болса да, ақырындап бюджетімізді анағұрлым теңгерімді, басқа да факторлардың әсерінен өсетін тірі механизмге әкеліп жатырмыз.

Инфляция 2028 жылға қарай 5-7%-ға дейін төмендейді. Бағаның тұрақтауы мен табыстың сақталуы - экономиканың сапалы дамуының негізгі белгісі. ЗКТ: Жаңа болжамда мемлекет қаржысын басқару да жаңаша сипат алған. 2028 жылға қарай мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің небәрі 19 пайызына дейін қысқарады. Салыстырмалы түрде айтқанда, көптеген елдерде бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін жетеді.

ЖАНАРЫС РАЙЫМБЕКОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Шығындарды азайтатын болсақ, бюджетке салынатын ауыртпалықты төмендететін болсақ және бюджеттің бір ерекшелігі бұрынғыдай емес Ұлттық қордағы трансферттен қаржы бөлмеу, тек қана экономикалық өсімді арттыру арқылы шығындарды оптимизациялап төмендету арқылы осындай мүмкіндіктерге жетуге болады.

Бюджет құрылымында аймақтарға басымдық берілген. 3 жылға өңірлердің дамуына 9 триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жаңа жобалар жол, инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына бағытталады. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттердің республикалық қаржыға тәуелділігі 50 пайыздан 33 пайызға дейін азаяды. Құжат әлеуметтік саясатты да назардан тыс қалдырған жоқ.

ҚАЖЫКЕЛДІ ШАМБЫЛ, САРАПШЫ:

Дағдарысқа байланысты жұмыссыздық мәселесі пайда болса, белгілі бір созылмалы ауру, белгілі бір тағдыр тәлкегіне түссе, осындай жағдайларда мемлекет әлеуметтік миссиясы тұрғысынан конституцияның баптары бойынша өзіне міндеттеме алған. Осындай санаттағы азаматтарға барынша көмек көрсетуге. Және білім беру, денсаулық сақтау саласы да осы әлеуметтік салалардың бір бөлігі болып саналады.

Келесі жылы әлеуметтік салаға 10,7 триллион теңге бөлінеді. Оның ішінде 6,8 триллион - әлеуметтік төлемдерге, 3,9 триллион - білім мен денсаулық сақтау саласына бағытталады.

Сонымен қатар жәрдемақылар енді цифрлық форматта автоматты түрде тағайындалады. Бұл бюрократияны азайтып, көмекті тез жеткізуге мүмкіндік береді.