Жамбыл облысында Республика күні қарсаңында екі "Жайлы мектеп" ашылды. «Келешек мектеп» бағдарламасы аясында салынған 300 орындық қос білім ошағы Қордай ауданында бой көтерді. Әулиеата өңірінде жалпы жеті заманауи мектеп салу жоспарланса, соның бүгінде алтауы ел игілігіне берілді.
Салтанатты шараға келген ауыл тұрғындары заманауи мектепті көріп төбесі көкке жетті. Өйткені оқушылар мұнда озық технологиялармен білімдерін ұштайды.
АЙЗЕРЕ ЕРБОЛ, ОҚУШЫ:
Бұл жерде біздің білім деңгейіміздің сапасы жоғары болуына өте қолайлы мектеп. Біз бұл мектептің ашылғанына өте қуаныштымыз.
Соңғы үлгіде салынған бұл білім ордасында балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. 28 оқу бөлмесі панелдік тақталармен қамтылған. Сонымен қатар математика, физика, химия, биология сыныптарына арналған 3 шеберхана, 3 заманауи зертхана, асхана мен спорт зал бар. Шалғайдағы Қаракемер ауылында да дәл осындай мектеп ашылды. Қос білім мекемесіне 7 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
ТОЛҚЫН АЛИЕВА, КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Қазіргі жайлы мектепте бүкіл жағдай жасалған балаларға. Ине, жіп әрбір заты түгел берілген.
НҰРИЛА ЕСЖАН, ОҚУШЫ:
Мен қазір жастықша тігуден бастадым. Мен осы жастықшаны тігіп үйреніп, біліммен қоса тігуді де үйренемін. Мен осы білім арқылы анама көмектесемін.
Қолданысқа берілген қос жайлы мектеп өңірдегі үш ауысымда оқыту мәселесін түбегейлі шешті. Мұндай көркіне, заты сай мектепте білім алған балалардың арманы жоқ дейді ауыл ардагері.
ЕРҒАЗЫ БОЗЖАЕВ, ҚАРАКЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Бүгінгі өте бір керемет тарихи жағдай болып тұр. Осы мектепте келешекте біздің Қазақстанды көркейтіп, елімізді одан ары дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға үлестерін қосады деп мен сенемін.
Шалғай ауылдарда бір күнде екі мектеп ашқан аймақ басшысы оқушыларға сәттілік тілеп, мектеп ұжымына сый жасады.