$541.34 €640.73 ₽6.53
×

БҚО-да жабайы иттер малға шапты

БҚО-да жабайы иттер малға шапты

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында бұралқы иттер малға шауып, 80 қойды тамақтап кетті. Ақ адал малынан айрылып, қып-қызыл шығынға батқан ауылдықтар кімнен көмек сұрарын білмей отыр. 15 жылдан бері жалданып мал бағатын Серік Есқазиев мұндай сұмдыққа иесіз иттерді кінәлайды. Бас-аяғы бір аптаның ішінде бұралқы иттер малға төрт рет шауып, азуына іліккен қой-ешкіні қырып салған. Аман қалған малын қораға қамаса да, айласын тапқан төбеттер қамаудағы қой-ешкіні қан-жоса ғып қырған.  Күйінген ол малға шапқан хайуанның бірін көлігімен түйіп, қолға түсірген, қалғаны қашып кетіпті. Ал жергілікті әкімдік ешқандай көмек берілмейтінін кесіп айтқан. Ауылды кезген бұралқы иттен қорыққан шаруа енді бағымдағы малды иелеріне кері таратуға мәжбүр.

СЕРІК ЕСҚАЗИЕВ, МАЛШЫ:

Халық болса өлген малдың шығынын менен сұрап отыр. Шығынның шамасы 4-4,5 миллионға жетіп қалды. Енді мен оны жалғыз қара басым орнына келтіріп қоямын деп айта алмаймын.  Енді Үкімет қолдап көмек сұраймыз.

Ал ветеринарлар мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, ауылдағыларға бұралқы иттерден қауіп жоқ.

БАЛДАЙ САПАРҒАЛИ, БҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазіргі уақытта қойларға қандай жыртқыштың шапқаны белгісіз. Оның қасқыр немесе шибөрі болуы да мүмкін. Нақты анықталмады. Қорада үріккен қойлардың бірқатары аяқ астында тапталып өлген. Күні бүгінге өлген малдың есебі алынып, өлекселер мал моласына апарып жойылды. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қауіп жоқ.