$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды

Президент Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.

Өндірістік қызметтегі аса үздік еңбегі, агроөнеркәсіп кешенін және тау-кен өндіру саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені:

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС механизаторы Қаражұманов Мұрат Кеңесұлына;

Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ КД «Шахтинская» шахтасы учаскесінің бастығы Чернобай Сергей Петровичке тапсырылды.

Павлодар облысындағы «Галицкое» ЖШС директоры А.Касицин «Отан» орденімен марапатталды.

«Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы К.Исаев, Қазақстан журналистикасының ардагері С.Харченко І дәрежелі «Барыс» орденімен; «Ақтоғай» су электр стансасының директоры Т.Баймолдаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі О.Сәбден, еңбек ардагері Е.Тәжиев, «Алматы әуендері» концерттік оркестрінің бас дирижері М.Серкебаев және басқалар ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен; К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары А.Алматов пен Н.Измаилов, «Ақсайгазсервис» АҚ холдингі компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Т.Шектебаев, ақын Ә.Беркенова және басқалар ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

Айта кетерлік жайт, Жұмысшы мамандықтары жылына орай Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 500-ге жуық жұмысшысы мен еңбеккері, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.