Республика күні қарсаңында Кеңес Одағының батыры, полковник Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімі Toyota Hilux маркалы жаңа қызметтік автомобильдерді алды.
Игі шара еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі саналатын Республика күніне орай ұйымдастырылды.
Салтанатты рәсім барысында әскери бөлім командирі полковник Бақыт Баймағұлов жаңа қызметтік көліктердің кілтін жеке құрамға табыстап, олардың ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Көліктердің кілттері табысталған соң, сарбаздар мен офицерлер жаңа көліктерімен сап түзеп, салтанатты шеруге қатысты.
Бұл шара – Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының материалдық-техникалық базаны нығайту, заманауи автокөлік паркін жаңарту және қызметтік міндеттерді тиімді орындауға бағытталған кешенді жұмыстарының бір бөлігі.
Айта кетейік, биылғы тоғыз айдың ішінде Ұлттық ұланның әскери жасақтары 14 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткізген. Олардың арасынан 500 адамнан қылмыс белгілері анықталған.