$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елімізде алғаш рет Автожол саласының қызметкерлері күні аталып өтті

Елімізде алғаш рет Автожол саласының қызметкерлері күні аталып өтті

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінде алғаш рет Жол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл мереке – жол саласының дамуына үлес қосқан барлық жанның еңбегіне деген құрмет пен бірліктің белгісі.

Салтанатты жиында жол саласының ардагерлері мен жас буын өкілдері, сондай-ақ еліміздің жол саласында қызмет етіп жүрген ұйым өкілдері бас қосты. Іс-шара барысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев барша жолышларды кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектері мен Қазақстанның көлік жүйесін дамытуға қосқан зор үлестері үшін алғыс білдірді.

«Жол салу – бұл жай ғана инфрақұрылым тұрғызу емес, бұл – сауда, туризм және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізін қалау. Біздің міндетіміз – жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту. Әсіресе, еліміздің көлік-логистика секторының іргетасын қалаған және зор құрметке ие сала ардагерлеріне ерекше алғыс айтамын», – деді Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Салтанатты рәсім барысында министрлік басшылығы жол саласының үздік мамандарына «Еңбек ардагері» мен «Құрметті жолшы» төсбелгілерін табыстады. Бұл марапаттар – сала майталмандарының жоғары кәсіби шеберлігін, жауапкершілігі мен ерен еңбегін айғақтайтын құрмет белгісі.

Бүгінде Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 185 мың шақырымнан асады. Оның ішінде шамамен 25 мың шақырымы республикалық, 70 мың шақырымы жергілікті маңызға ие болса, қалған 95 мың шақырымы қалалар мен елді мекендердің көше-жол желісін құрайды.

2025 жылы еліміздің жол саласы рекордтық көрсеткішке жетті. Атап айтқанда, 13 мың шақырымнан астам тасжолға жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ол мамандардың кәсібилігі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесі.

Сөз етілген жетістіктер елдегі көлік инфрақұрылымының дамуы мен жол сапасының артқанын көрсетеді.