Ертең – еліміздің басты мерекесі – Республика күні. Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Президент Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде үздіктерді марапаттады.
Биыл -мерейлі дата. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еткенімізге 35 жыл болды. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылы ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін.
Көлік-тасымал саласын стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытып келеміз. Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы. 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. 36 жаңа әуе рейсі ашылды. Елімізде өндіріс те дамып келеді. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды.
Бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. Ұстаздардың жалақысы екі есе ұлғайды. 1200 жаңа мектеп ашылды. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында біраз білім ордасы бой көтерді. Ұлттық ғылымды қолдауға салынған қаражат бес жылда 5 есе өсті. Шетелдің 33 беделді университеттерінің филиалы ашылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Соңғы бес жылда қылмыс саны және көшедегі бұзақылық едәуір азайды, қылмыстық ахуал қатаң бақылауға алынды.
Биыл еліміздің мерейі өсіп, рухы көтерілген жыл болды. Тұрығындар әртүрлі салада табысқа жетті, жаһандық жарыстарда топ жарды. Оқушылар халықаралық білім додасынан мыңнан астам медаль иеленді. Үздік спортшыларымыз, соның ішінде боксшылар туымызды биікте желбіретті. Жаһан жұрты қазақты рухы биік, көзі ашық, мәдениеті бірегей, зияткер ұлт ретінде танып келеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді.
Өткен аптада Президент Үкімет басшысына нақты тапсырма берген еді. Сөз салық кодексі жайында. Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолдануы тиіс деді. Өйткені Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз бәріміз Қазақстан азаматтарының жасампаз рухын сыйлауымыз керек. Мұндай игі үрдісті жан-жақты қолдау қажет. Ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылыс ұлттық болмысымызға тән қасиет болуы керек.
«Еңбек – берекенің бастауы» дейді қазақ. Ел үшін тер төгіп, қажырлы қызмет көрсеткен қызметкерлердің арқасында бірлігіміз бекемдей түсті. Сондай нағыз еңбек адамдары бүгін Ақордада бас қосып, Мемлекет басшысының қолынан марапат алды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгін әрбір облыста жүздеген лайықты азаматымыз менің Жарлығыммен жоғары мемлекеттік наградамен марапатталады. Олардың еңбегіне зор ризашылығымды білдіремін.
Еліміз үшін ұлт саулығын сақтайтын дәрігердің, саналы ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздың, ауылдағы шаруа мен өндірістегі жұмысшының, яғни әрбір кәсіп иесінің еңбегі айрықша маңызды.