Республика күні қарсаңында Мәжіліс төрағасы Палата депутаттары мен Аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты жиында спикер осыдан 35 жыл бұрын қабылданған “Егемендік туралы декларацияның” тарихи маңызына тоқталды. Президент бастамасымен Республика күніне жаңа мазмұн беріліп, мереке Жаңа Қазақстанның басты символына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, келер жылы Парламенттің құрылғанына 30 жыл толатынын және бұл дата мемлекеттік деңгейде аталып өтетінін жеткізді. Жиын соңында Мәжіліс Төрағасы бірқатар депутат пен Мәжіліс аппаратының қызметкерлерін марапаттады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президентіміздің бастамасымен Республика күніне жаңаша леп беріліп, тарихи мәні айшықтала түсті. Расымен де тәуелсіздік шежіресінде осы тағдырлы кезеңнің орны тіпті бөлек. 35 жыл бұрын мемлекетіміз азаттық жолында алғашқы қадам жасады, сол сәттен бастап еліміз өз болашағын өзі айқындайтын, өз тағдырын өзі шешетін даңғыл жолға түсті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сол декларациядан бастау алған, қуатты әрі өркениетті мемлекет құру ісін жалғастырып жатыр.