Қырғызстанның Энергетика министрлігі көмірді автомобиль көлігімен экспорттауға тыйым салуды алты айға ұзартуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің тиісті қаулысы қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Құжатқа сәйкес, тыйым «Иркештам-Автодорожный» және «Торугарт-Автодорожный» автомобиль шекарасынан өтетін жолдарға қатысты қолданылмайды. Шектеулер Қырғыз Республикасы Энергетика министрлігіне қарасты «Қырғызкөмір» мемлекеттік кәсіпорнына ЕАЭО ТН ВЭД 2701 және 2702 кодтары бойынша жіктелген көмірді Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтетін жолдармен экспорттаған кезде қолданылмайды.
Көмір экспортына бұрын қабылданған шектеулер елдің қатты отынға деген ішкі қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндік берген. Сонымен қатар көмір бағасының күрт өсуіне жол бермей, әлеуметтік осал топтарға көмір субсидиялары арқылы және отынның басқа түрлеріне қолжетімділігі шектеулі аймақтарда көмір тапшылығының алдын алғаны атап өтілді.