Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде он мыңнан астам Мемлекеттік Ту желбіреп тұр, деп хабарлайды Astana TV.
«AMANAT» партиясының «Менің елім – менің Туым» акциясы осымен төртінші жыл ұйымдастырылды және оған белсенділер, еріктілер мен барлық тұрғындар қатысты.
Биылғы акцияда тұтас ел бойынша қалалар мен ауылдарда, мектептерде, аулаларда және өндіріс орындарында Ту ілу жоспарланған. Үйдің, көліктің немесе дүкеннің алдындағы желбіреген Ту – елге деген мақтаныш сезімнің және болашаққа сенімнің белгісі.
– Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанына 35 жыл толады. Бұл құжат – Тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, демократия, билікті бөлу, теңдік пен еркіндік қағидаттарын айқындаған алғашқы тарихи акт. Сондықтан да бұл акцияның мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Республика күні халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеді, – дейді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова.