$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Республика күні Ақтөбеде Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты өтті

25.10.2025ж. 18:12
Республика күні Ақтөбеде Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты өтті
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбеде Мемлекеттік Туды көтеруге арналған салтанатты іс-шара орталық саябақта өтті. Оған өңір басшысы Асхат Шахаров, қала әкімі Азамат Бекет, құқыққорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Astana TV.

Мемлекеттік Әнұран орындалып, Қазақстанның көк байрағы елдің бірлігі мен бейбітшілігі, тәуелсіздігінің символы ретінде көкке көтерілді.

Ақтөбеліктерді басты ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаған облыс әкімі Асхат Шахаров бұл күннің әрбір қазақстандық үшін маңыздылығын атап өтті.

25 қазан – бұл тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи белес. 1990 жылы дәл осы күні қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіздікке апарар алғашқы қадамы болды. Бұл күн – ел тағдырындағы ерекше кезеңді, халқымыздың ерік-жігері мен болашаққа деген нық сенімін білдіреді. Бүгін біз еліміздің басты нышандарының бірі – Мемлекеттік Туымызды биікке көтере отырып, тәуелсіз Қазақстанның бірлігі мен жарқын болашағын айшықтаймыз. Көк байрағымыз – бейбіт өмірдің, еркіндік пен елдік рухтың символы. Біздің басты мақсатымыз – егемен еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып, бірлігімізді нығайту. Көк туымыз әрдайым көкте желбіреп, егемен еліміздің еңсесі биік болсын!, - деді Асхат Шахаров.

Сөз соңында өңір басшысы ақтөбеліктерге денсаулық, амандық және ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.