$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Қытайдан Ресейге ықпал етуді сұрады

26.10.2025ж. 07:28
Трамп Қытайдан Ресейге ықпал етуді сұрады
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың Ресеймен арадағы қарым-қатынасы арқылы Украинадағы соғысты тоқтатуға ықпал ете алатынына сенім білдірді, деп хабарлайды Astana TV ВВС-ге сілтеме жасап.

Мен Қытайдың Ресеймен қарым-қатынаста бізге көмектескенін қалаймын, - деді Трамп. - Менің Си төрағамен қарым-қатынасым өте жақсы. Ол да соғыстың тоқтағанын қалайды деп ойлаймын.

Алайда сарапшылар бұл үміттің орындалуы екіталай екенін айтады. Себебі Қытай Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресейдің ең ірі саяси және экономикалық серіктесіне айналды. Пекин Мәскеуді сынға алған емес, керісінше, ресейлік мұнай мен газдың негізгі сатып алушысы болып отыр.

Трамптың бұл мәлімдемесі Киев үшін ауыр аптада айтылды. АҚШ Украинаға Tomahawk қанатты зымырандарын беруден бас тартты, ал Еуропалық одақ Ресейдің мұздатылған активтерін босатуға келіспеді. Сонымен қатар, Ресейдің жаңа әуе соққылары салдарынан Киев пен басқа қалаларда қаза тапқандар бар.

Тамыз айында өткен Путин мен Трамптың саммиті де айтарлықтай нәтиже бермеді.

Мен Владимирмен сөйлескен сайын біз жақсы қарым-қатынаста боламыз, бірақ ілгері жылжу байқалмайды, - деді Трамп осы аптада.

Осыған дейін АҚШ Ресейдің екі ірі мұнай компаниясына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл Трамп әкімшілігінің соғысқа байланысты Мәскеуге бағыттаған алғашқы тікелей экономикалық соққысы болды. Кремль бұл шараларға «иммунитетіміз бар» деп жауап қатты.

Ал Қытай тарапы Ресейдің Украинадағы соғысына ресми қолдау білдірмегенімен, Батыс елдері Пекинді Мәскеуге «жанама әскери көмек көрсетіп отыр» деп айыптайды. Путин мен Си бұған дейін өз елдері арасындағы қарым-қатынасты «шексіз достық» деп атаған болатын.

Соңғы айларда Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуды басты саяси басымдықтарының бірі ретінде көрсетіп келеді. Дегенмен, атысты тоқтату келісіміне қол жеткізу әзірге мүмкін болмай отыр.