Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббты қарсы алды.
Бұл - Александр Стуббтің ел басшысы ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін мемлекет басшылары екіжақты келіссөздер жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша екі ел басшысы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Финляндия мен Қазақстан - бір-бірінен қашық орналасқанымен, ұстанымы ұқсас, даму бағыты ортақ елдер. Бүгін Ақордада өткен ресми кездесуде екі мемлекет басшысы жаңа серіктестік кезеңінің бастауын айқындады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар.
Финляндия 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жарты миллиард долларға жуық инвестиция құйған. Мемлекет басшысының айтуынша, Суоми елі - Солтүстік Еуропа мен Еуропалық Одақтағы басты сауда серіктестеріміздің бірі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға да мол мүмкіндік бар. Бұл бағытта екі елдің Үкіметаралық комиссиясы белсенді жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Александр Стуббтың бастамасымен ұйымдастырылған қазақстан-фин бизнес-форумы ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын.
Финляндия Президенті Қазақстанға бұрын да бірнеше мәрте келген. Бұл жолы ол өзімен бірге 20-дан астам ірі компания өкілдерінен құралған бизнес делегацияны бастап келді. Келіссөздер барысында тараптар өңірлік және халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасты.
АЛЕКСАНДР СТУББ, ФИНЛЯНДИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші - өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Келіссөздің екінші бағыты - сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз.
Финляндия Президенті Қазақстан туралы жылы естеліктерімен де бөлісті. Ол 2008 жылы елордаға алғаш келген сапарында еліміздің велошабандоздарымен кездесіп, Александр Винокуров қолтаңба қойған «Астана» командасының жейдесін сыйға алғанын айтты.
АЛЕКСАНДР СТУББ, ФИНЛЯНДИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сол жейде менің үйімнің төрінде әлі күнге сақтаулы. Бұл – қазақстандықтардың қонақжайлығы мен достығының белгісі.
Ресми сапар аясында 15 құжатқа қол қойылды. Финляндия Президентінің келуі - екі ел арасындағы сенімді серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланыстарға тың қарқын беруді көздейді.