Елде электр энергиясы тапшы. Қолдарыстағы 237 станция халықтың сұранысын толық өтей алмай отыр. Өйткені құрылғылар ескі, тозу көрсеткіші жоғары. Энергетика министрі алдағы төрт жылда бұл жетіспеушілік түбегейлі шешіледі дейді. Ол үшін 68 жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Толығырақ сюжеттен көріңіз.
Қазақстан әлемдегі электр энергиясын ең көп тұтынатын елдердің бірі. Қазір елде 237 электр станциясы бар. Бірақ бұл бізге жетпейді. 4 жылдан бері тоқ тапшылығы туындап келеді. Ауыл-аймақта жағдай, тіпті, қиын. Жел үп етсе үзіле кетеді.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларды тұрақты негізде қабылдап келеді.
Министрлік 2029 жылға дейін жаңа 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр. Жұмыс басталып та кеткен. Мәселен, былтыр 771 мегват жаңа қуат көзі іске қосылды. Оның 608 мегаваты дәстүрлі, ал 163-і жаңартылған энергия көздері. Биыл бұл көрсеткішті 621 мегаватқа жеткізу межесі тұр.
НӘБИ АЙТЖАНОВ, «KEGOC» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Стратегияға энергетика жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерімен кіріктіруге бағытталған шамамен 10 жоба қосылды.
Енді электр желілерін дрон, жылу құбырларын робот тексереді. Отын-энергетика кешенінде жасанды интеллект енгізу жөніндегі акселерациялық топ құрылған. Яғни, бұдан былай көмірден энергетика секторына дейінгі жұмыстар онлайн басқарылады. Бізде энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Ал жүктеме көбейген сайын оның тапшылығы да анық байқалады дейді Үкімет басшысы. Сол үшін гибридті электр станцияларын іске қосуды тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қазіргі таңда электр энергиясының негізгі генерациясын көмір станциялары өндіреді. Сондықтан біз алдағы уақытта дәстүрлі энергетиканы дамытуға да баса мән беретін боламыз. Сонымен бірге қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту және кеңейту шаралары іске асырылып жатыр.
Саладағы кемшілікті Президент те байқап отыр. Мәселенің барын бір емес, бірнеше рет айтқан еді. Жауаптыларға ауқымды міндет те жүктеген. Енді Үкімет 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуы тиіс.