Республика күнін Шымкент тұрғындары мен қонақтары да ерекше тойлады. «Астана» алаңына жиналған қауым күндіз ән мен күй тыңдап, көрмелік жәрмеңкені, эстрада жұлдыздары қатысқан гала концертті тамашалады. Бұл күнгі маңызды шараның тағы бірі Ту тұғыры алаңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі болды.
Қолына ту ұстаған 300-ден аса жас Бәйдібек би есерткішінен Ту тұғыры алаңына дейін оркестрдің сүйемелдеуімен сап түзеп, жүріп жетті. Бұл көрініс мерекенің маңызын айшықтай түсті.
СЕРІКБАЙ ОҢБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:
Бұл мерекенің маңызы өте зор. Бірақ әртүрлі себептермен бұл мереке аталып өткен жоқ еді. Бірақ Президентіміз бұны заңдастырып, қайтадан мереке есебінде күнтізбемізге енгізді. Сондықтан бүгін -Ұлттық мереке. Біз қуаныштымыз!. Республикамыз жарқырай берсін, жайнай берсін! Мынандай көк байрағымыз желбіреп, еліміз дамып, өсе берсін!
Ту тұғыры алаңына жиналғандардың қарасы қалың. Қала әкімі, депутаттар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен ерікті жастар қатысты. Жиналғандар әнұранды қосыла шырқап, елдік рухты асқақтатты. Мұнан соң ең үлкен ту салтанатты түрде көкке көтерілді.
АББАС ШАМИРЗАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мерекеміздің маңызы соншалық күшті. Бүкіл республика бойынша Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде осындай іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл шараның болуының мәні біздің егемендігіміз, біздің еліміздің бірлігіміз. Бірлік бар жерде тірлік бар дегендей...Барлығымыз бір болғандықтан біздің туымыз биіктен көрініп жатқанының белгісі деп білемін. +Мерекемен Қазақстан елін бүкіл барлығын шын жүректен құттықтаймын!
Мерекелік шара елдік рухты жаңғыртып, ұлт бірлігінің бекемдігін айқын көрсетті. Көк байрақ астында азаттықты дәріптеген шымкенттіктердің отаншылдық рухы асқақтай түсті.