Оралда еңбек адамына құрмет көрсетілді. Еліміздің егемендігін әйгілейтін мерекеде өз саласының үздігі атанған білікті мамандар марапатталды.
Бұл марапаттар лайықты иесін тапты. Еңбегі еленіп, құрметке бөленгендердің дені - еңбек адамы. Олардың ішінде құрылысшылар мен дәнекерлеуші, орманшылар, тіпті жарты ғасырдан астам уақыт қаламын қару еткен қаламгерлер де бар.
АЙТҚАЛИ НӘРІКОВ, "ПАРАСАТ" ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:
Маған қаламгер ретінде құрмет көрсетіліп, "Парасат" орденімен марапаттады. Қалам ұстағаныма 65 жыл болыпты. Бұл енді бір адамның ғұмыры ғой. Жасым ұлғайса да, әлі де Қазақстан үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін еңбек етуге әдеби туындылар жазуға аянбаймын деп есептеймін.
МАРИНА ҚҰЛМАНОВА, ҚҰРЫЛЫСШЫ:
Мен өзім құрылыс саласында 20 жыл еңбек еттім. Мен әрлеуші болып жұмыс жасаймын. Барлығына ризамыз еңбегімізді бағалап жатқанына.
Биыл өңірге 391 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Ал өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша Батыс Қазақстан облысы елімізде көш бастайды. Бұл іргелі істің бастауында еңбек адамының еңбегі тұр.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім еліміздің еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі. Өйткені елдің өркендеуі – кәсіби шебер, отаншыл және еңбексүйгіш азаматтардың қолында.
Өңірдегі «Қаладан ауылға» бағдарламасы да халық тарапынан зор қолдау тапты. Бүгінде екі жүзге жуық ауылға кері қоныс аударып, жаңа мекенде жаңа өмір бастаған.