«AMANAT» партиясының депутаты Берік Бейсенғалиев Үкіметке өңірлердегі жылу желілерін жаңғырту мәселесін шұғыл шешуді ұсынды.
Оның айтуынша, елдегі жылу желілерінің орташа тозуы – 52%, ал жылу электр орталықтарының 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істеп тұр. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш 80%-дан асады.
– Ескірген желілердің жарылып, істен шығуынан басқа да теріс салдары жеткілікті. Оларға үлкенді-кішілі апаттардың жиілеп кетуін, температураның төмендеп кетуі және жылу энергиясының шамадан тыс жұмсалуы сияқты жағдайларды жатқызуға болады. Бірінші кезекте олардан түпкілікті тұтынушы, яғни қарапайым халық зардап шегеді, – деді Берік Бейсенғалиев.
Депутат тозығы жеткен жүйелердің жиі істен шығуы мен апаттардың көбейгенін атап өтті. Ол Үкіметке апатты желілерді жөндеуге қаржы бөлу, энергия үнемдеу технологияларын енгізу және жылу жүйесіне инвестиция тарту қажет екенін айтты.